Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қысым көрсетілді": Жанар Толыбаева ұлының әкесі Денистің өлімі үшін сотталған ер адам еместігін айтты

Опубликовано:

Бала
Көрнекі фото: pixabay.com

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенннің өлімі бойынша сотталғандардың бірі Жанар Толыбаева Sputnik Қазақстанға эксклюзивті сұхбат берді. Сұхбат барасында ол екінші ұлының әкесі спортшының өлімі үшін сотталған ер адам емес екенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Жанар Толыбаева 434-бап "Қылмыс туралы хабарламау" бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Тергеу барысында оның бірі ұлы бары және екіншісіне аяғы ауыр екені анықталған болатын.

Сол кезде Толыбаева тергеушілерге құрсағындағы сәбидің әкесі сотталушылардың бірі - Арман Құдайбергенов екенін айтқан еді. Алғаш рет марқұм спортшының өліміне қатысты сұхбат берген Жанардың айтуынша, бұл жалған факті.

"Ұлдарымның әкесі хабарласып тұрады. Үлкен ұлым бірінші некемнен. Кіші ұлымның әкесі басқа, онымен де тұрмыс құрамыз деген ой болған. Тамызда тұрмысқа шығамын деп жүргенмін, бірақ өкінішке қарай шілдеде осындай жағдай болды да, қамалып кеттім. Ұлымның әкесі басқа, сотталған Арман Құдайбергенов емес.

Маған тергеу барысында қысым көрсетілді. Оның бәрін ашып айтамын деп ойлағанмын. Қысым көрсетілді, ұрып-соқты. Оның барлығы бөлек анықтамаға енгізілген болатын. Бірақ тергеу изоляторына барған кезде ол жерде бір айға жуық уақыт ұстады. Сол уақыттың ішінде ұрып-соғудың ізі кеткен соң ғана алып барды.

Ал сот барысында ұрып-соққанды айғақтайтын анықтаманың неге жоқ екенін сұрадым. Маған қысым көрсеткен кезде "сен осылай айтасың, баламның әкесі біреуі деп айт, сол кезде сен шығып кетесің, сен балаңның әкесінің қылмысын жеткізе алмайсың" деп айтты. Мен солай айттым. Бірақ ұлымның әкесі ол емес, ұлымның әкесі басқа. Қазір сол кезде олай айтпау керек пе еді, мүмкін қателік жасадым ба деген ой-өкініш бар. Менің ең басты өкінішім – осы. Ұлымның әкесі бостандықта, ол туралы қазір ашып айтқым келмейді", - дейді Жанар Толыбаева.

Сондай-ақ, ол ұлының шын әкесі бала басқадан деп жариялағанда қалай қабылдағанын да баяндады.

"Басқа біреу деп айтқанда... кез келген адам... басында ол менің жүкті екенімді білген де жоқ. Бәрібір ішінде күдік болады. Шыққаннан кейін "жарайды, көрем" дегендей болды. Ол туралы айтқым келмейді, бірақ хабарласып тұрады", - дейді келіншек.

Жанар Толыбаева баласының әкесімен хабарласып тұратынын, оның перзентін көруге келгенін жеткізді.

Еске сала кетейік, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде ұрылар қолынан қаза тапты. Сот 2019 жылдың басында Денис Теннің өліміне қатысты айыпталғандарға үкім шығарды. Айыпталушы Арман Құдайбергенов Қылмыстық кодекстің 188-бабы "Ұрлық", 192-бабы "Қарақшылық" және 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша айыпты деп танылып 18 жылға, Нұралы Қиясовқа "Адам өлтіру" және "Қарақшылық" баптары бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1915886-solai-aituga-mazburledi-zanar-tolybaeva-ulynyn-akesi-denis-tendi-oltirgen-sottalusy-emes-ekenin-aitty/

pixel