RU

Алматы облысында тұрып, Көкшетаудағы сауда үйін "жармақшы" болған күдікті ұсталды

Кісен
Көрнекі сурет: pixabay.com

Көкшетаудағы сауда үйіне "жарылғыш зат" қойылғандығы туралы жалған хабар берген күдікті ұсталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылғы сәуірдің 7-де белгісіз біреу Көкшетау қаласындағы "Арбат" сауда үйінің аумағына "жарылғыш зат" қойылғандығын хабарлаған. Айтылған жерге барлық күш құрылымдары, шұғыл және арнайы қызметтер жіберілді, қызметтік техника жұмылдырылды, жақын маңдағы аумақ қоршалды. Іздеу шараларын жүргізу нәтижесінде жарылғыш зат табылған жоқ. Осыған байланысты ПД тергеу бөлімі Қылмыстық кодекстің 273 бабы "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау" бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі іс тергеу шараларын қолға алды.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақмола облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының, Көкшетау қаласы полиция басқармасының қызметкерлері және Алматы қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы аумағында бұрын сотталған 42 жастағы Алматы қаласының тұрғынын анықтап, ұстады. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", - деді ведомстводан.

Осы ретте, тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 273 бабына сәйкес "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау" бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын және бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтінін еске салады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916166-almaty-oblysynda-turyp-koksetaudagy-sauda-uiin-zarmaqsy-bolgan-kudikti-ustaldy/