RU

"Түрмеге қамаласыңдар!": Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілеріне ескерту жасады

Көлікте отырған ер адам
Көрнекі фото: piqsels.com

Ішкі істер министрлігі көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жазаның күшейтілгенін ескертті деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асқар Тәженов онлайн брифингте бүгінде мас күйінде көлік тізгіндеп алғаш рет ұсталған азамат бірден 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылатынын еске салды. Бұрын бұл жаза 3 жыл болған, дейді ол.

Сонымен қатар әкімшілік жазаның жаңа түрі енгізілмек. Ол – арест. Оны міндетті түрде қолданады.

"Жүргізуші мас күйінде алғаш рет ұсталса да, 15 тәулікке қамалады. Жол апаты кезінде адамдардың денсаулығына зиян келмесе, бірақ матералдық шығын болған жағдайда әкімшілік аресттің мерзімі 20 тәулікке ұзартылады. Мас жүргізуші 7 жылға куәлігінен айырылады", – деді Тәженов.

Айта кетейік, бұрын осы санаттағы құқықбұзушылық үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 4 жыл болып, арест қолданылмаған.

Оның сөзінше, жүргізуші куәлігінен айырылған адам бір жылдың ішінде рөлге тағы отырса, 20 тәулікке қамалып, 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Ал мас күйінде ұсталса, 5 жылға дейін бас бостандығынан шектеліп, оған қоса, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылуы мүмкін. Сол сияқты жол апатына түскен жағдайда 8 жылға түрмеге қамалады. Оқиға салдарынан кісі өлімі тіркелсе, бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жылға дейін ұзарады.

"Сонымен қатар медициналық тексерістен бас тартқаны үшін жаза күшейтілген болатын. Ондай жүргізушілер бірден 8 жылға куәлігінен айырылады. Бұрын бұл мерзім 3 жыл болған. Сосын 15 тәулікке қамап тастайды. Бүгінде көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жаза күшейтілсе де, кейбір адамдар ондай әрекеттің қаншалықты қауіпті екенін түсінбей, рөлге мас күйінде отыруды қояр емес. Ондай адамдар жол апатына да жиі түседі. Осыған байланысты көлік жүргізушілерін жол жүру ережесін қатаң сақтауға, ал қоғамды көлікті мас күйінде жүргізу фактілері туралы бірден хабар беруге шақырамыз", – деді Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асқар Тәженов.

Ресми мәліметке сәйкес, биыл бес айдың ішінде республика бойынша 8,5 мыңнан астам адам көлікті мас күйінде жүрігізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916428-turmege-qamalasyndar-iski-ister-ministrligi-kolik-zurgizusilerine-eskertu-zasady/