RU

"20 млн теңгеге қарызға кіргізді": Алматы тұрғыны құдашасына алданғанын айтып, шағым түсірді (видео)

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы тұрғыны құдашасының 20 млн теңге қарызға батырғанын айтып, жанайқайын жеткізді. Айтуынша, құдашасы ипотекаға үй алып беремін деп алдап, туыстарын миллиондаған қарызға кіргізген деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.

Зардап шегуші полицияға арызданғанымен күдікті әлі күнге бостандықта жүрген көрінеді. Ал зардап шеккендердің жеке шоттары бұғатталған.

"Менің алыс туысқаным жұмыс тауып, ипотекаға пәтер алуға көмектесемін деді. Менің атыма көлік рәсімдеді. Екі телефон, 3 онлайн несие алды. Сол уақытқа дейін шыны керек, мен өзім үшін де кредит алған емеспін. Жалғыз мен емес, туысқандарымыздың көпшілігін несиеге отырғызды", - дейді туысына сенемін деп қарызға батқан Назгүл Әлішева.

Бүгінде Назгүл бас-аяғы 20 миллион теңгенің үстінде банкке берешек болып отыр. Айтуынша, туысы өзге жақындарынан да айласын асырып үлгерген. Ол ипотекаға пәтер алып беретініне туыстарын әбден сендірген. Қазір не пәтер, не көлік жоқ. Ал банктегі несиенің үстемесі сәт сайын еселеніп жатыр екен.

"Көлікті жалға беріп, ақшасын қайтарамын деп уәде еткен болатын. Алайда кейіннен сұрастыра келе, машинаны сатып жібергенін білдік. Бір емес, қатарынан 14 көлік сатқан көрінеді. Бұл ақпаратты бізге алып-сатарлар айтып берді", - дейді Назгүл.

Ал Жамбыл облысының тұрғыны Мейрамгүл Затыбекованың да күндіз күлкі, түнде ұйқысынан қағылғанына екі жыл болған. Бәз біреулер оның атына алаяқтық жолмен несие рәсімдеген.

Қазір жалақысының жиырма пайызы ғана қолына тиіп отыр. Зардап шеккендер жабылып жүріп, күдіктінің кінәсін дәлелдейтін айғақтарды жинап бергенімен, әзірге соттың нақты шешімі болмай отырғанына күйінуде.

"Бізде олардың өз кінәсін толығымен мойындап отырған хаттары да, аудиожазбасы да бар. "Біз сіздерді алдадық, мойындаймыз, енді несиені өзіміз төлейміз" дегені де бар. Бүкіл айғақтарды апарып бердік. Бірақ екінші сот бізге шешіп бермей, тұщымды жауап ала алмаймыз", - дейді Аса ауылының тұрғыны Мейрамгүл Затыбекова.

Ал мамандар "карантин кезеңінен бері алаяқтық деректер 20 пайызға көбейгенін" айтуда. Бірақ, алданып қалғандардың біразы тұзаққа өздері түскендіктен әрі еш мәжбүрлеу болмағасын, кінәларын дәлелдеудің өзі қиынға соғатынын айтады.

"Осы сұрақты шешу аясында біздің полиция департаментінің басшылығы екінші дәрежелі банктер мен шағын несие ұйымдарымен бірлесе отырып, шынында да қылмыскерлердің құрбаны болған азаматтарды осындай несиелер төлеуден босатуды қазіргі таңда қарастыруда", - дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916589-20-mln-tengege-qaryzga-kirgizdi-almaty-turgyny-qudasasyna-aldanganyn-aityp-sagym-tusirdi-video/