RU

Павлодарда ер адам полиция қызметкерін өлтірмек болды деп күдіктелуде

Күдікті
Күдікті әйелімен бірге. Фото: NUR.KZ

Полиция қызметкерін өлтірмек болды деген күдіктінің әйелінің айтуынша, күйеуі түнде Павлодар аулаларының біріндегі шулы топтың жанынан велосипедпен өткен. Жиналғандар оны бейәдеп сөздермен балағаттаған. Мұның соңы жанжалға ұласып, ер адам пышақ шығарыпты. Суық қару біреуіне тиген соң, қашып кеткен. Біраз уақыттан кейін оқиға орнына келген кезде тәртіп сақшыларының жұмыс істеп жатқанын көрген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Күдіктінің әйелі Татьянаның сөзінше, сол түні ол күйеуін баласының емізігін әкелу үшін анасына жіберген. Ол енесіне жақын тұратындықтан, велосипедпен кеткен.

Сол кезде сағат түнгі 2 болған. Ер адам емізікті алып, дәл сол жолмен кері қайтыпты. Аулалардың біріндегі подъезд алдында бір топ адам тұрған. Олар күдіктіге айқайлай бастапты.

"Олардың бірі күйеуімді әлдекіммен шатастырған шығар, оған бірнәрсе айтқан. Жолдасым бұрылып, "Не керек?" деп сұраған. Міне, сөзден сөз шыққан. Нәтижесінде ер адамдардың бірі күйеуіме жаман сөздерді айқайлап айтқан. Менің жолдасым бұған дейін сотты болған, ол үшін мұндай сөздер ерсі. Ал ол өзінің өкілеттігін, полиция қызметкері екенін пайдаланған болуы керек", - дейді Татьяна Сарсенова.

Жанжал кездінде Татьянаның күйеуі велосипедінің қобдишасында жатқан пышақты алған. Оны бірнеше мәрте сілтеген кезде суық қару есірткі қылмысына қарсы күрес қызметкеріне тиген. Ол қазір іс бойынша жәбірленуші болып отыр.

Татьянаның сөзінше, оның жолдасы бұрын сотты болған. Екі жыл бұрын босап шыққан. Қазір жұмыс істейді. Бір қызы бар, екінші баласын күтіп жүр. Бірақ өткені маза берер емес.

Әйелдің айтуынша, бастапқыда іс денсаулыққа зиян келтіру дерегімен ашылған. Кейінірек, кісі өлтіруге оқталу бабына ауыстырылған.

Оның ойынша, айыптың ауысына алдын ала болжау себеп болған. Енді ер адам тағы да ұзақ жылға қамалуы мүмкін.

"Жәбірленуші расымен де Павлодар облысы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкері. Оған қарсы заңсыз әрекет жасалған кезде ол кезекті еңбек демалысында болған. Қазіргі уақытта іс бойынша мән-жайларды толық және жан-жақты тергеуді қамтамасыз етуге бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізілуде", - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдікті қазіргі таңда қамауда отыр. Полицейлер тергеудің құпиялылығына сүйеніп, басқа ақпарат берген жоқ.

Ал Татьяна Сарсенова қазір нақты дәлелдерді жинауға тырысуда. Айтуынша, тек жәбірленушінің жағында болған куәгерлерден ғана жауап алынған. Дегенмен ол күйеуі пышақты шығармауы керек еді деп мойындап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916686-pavlodarda-er-adam-policiya-qyzmetkerin-oltirmek-boldy-dep-kudiktelude/