Ақмола облысында қызын құтқармақ болған әйел қайтыс болды
Жарияланған күні:
Ақмола облысы Целиноград ауданы Отаутүскен ауылының маңында қайғылы жағдай болды. Қызын құтқармақ болған ана өзенге батып кетті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай 8 маусым күні түскі уақытта Нұра өзенінде балық аулау кезінде болған. 10 жасар қыз бала анасынан шомылуға рұқсат сұраған. Суға түскен ол ағысқа қарсы тұра алмаған.
Қызына көмек керек екенін көрген 43 жастағы әйел баласын құтқаруға асыққан. Бірақ өзі аман-есен жағаға шыға алмаған.
Қызы болса жабайы өсімдіктің бұтағынан ұстап үлгеріп, адамдарды көмекке шақырған. Оның дауысын жергілікті тұрғын естіп қалып, жасөспірімді шығарып алған. Ал анасының денесін құтқарушылар кешкі 19:30-да тапқан.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері азаматтардан су маңында мүмкіндігінше мұқият болуды және жабдықталмаған жерлерде шомылмауды сұрайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы Обаған өзеніне екі баланың анасы батып кеткенін жазған едік.
Сонымен бірге, Солтүстік Қазақстан облысында отбасымен демалуға барған бір үйдің екі баласы суға кеткен еді.
Қайғылы жайт 31 мамыр күні Шал ақын ауданы Мерген ауылының маңындағы қазаншұңқырда болған.
Ата-аналарының айтуынша, олар бес баласымен көлшікке сағат 13.00 шамасында келген. Қастарында 11 және 9 жастағы қызы мен ұлы, 2 жастан асқан және биыл туған сәбилері, сондай-ақ 2012 жылы туған асыранды баласы болған.
Қазаншұңқырдың жанына келісімен отбасы палатка құрған. Бір мезет балалардың әке-шешесі емізулі сәбимен палаткаға кіріп кеткен. Ал судың маңында үш бала болған. Олардың бірі судың салқын екенін айтып, суға түсуден бас тартса, 9 және 11 жастағы жасөспірімдер суға түскен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1916895-aqmola-oblysynda-qyzyn-qutqarmaq-bolgan-aiel-qaitys-boldy/