RU

Байқоңырды жалға беру келісімшартына өзгеріс енгізілді: Сенат заңды қабылдады

Байқоңыр
Фото: Sputnik Қазақстан

Сенат депутаттары 1994 жылғы Қазақстан мен Ресей үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу хаттамасын ратификациялау туралы" заңды қабылдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Сенаттың жалпы отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2004 жылы "Байқоңыр" кешенін жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылғанын еске салды. Осыған байланысты 1994 жылғы жалға беру келісімшартының 4-бабына өзгеріс енгізілген болатын. Ендігі кезекте хаттаманы ратификациялау қажет. Депутаттар заңды бірауыздан қабылдады.

"2004 жылғы 9 қаңтардағы "Байқоңыр" кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы мемлекетаралық келісімде Қазақстанның ғарыш айлағында бірлескен жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ ғарыш айлағын жаңғырту, жаңа экологиялық қауіпсіз ғарыш зымыран кешендері арқылы ғарыш айлағы қызметінің экологиялық қауіпсіздігін арттыру көзделген", – дейді Мусин.

Сенатор Талғат Мұсабаев та заңды қолдады. Оның айтуынша, "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартының 4-бабына түзетулер енгізу ғарыш айлағын 2050 жылға дейін жалға алуды ұзарту және пайдалану туралы міндетті іске асыруға мүмкіндік береді.

"Хаттаманы ратификациялау "Байқоңыр" кешенінің ғылыми-техникалық, өндірістік және әлеуметтік-мәдени әлеуеті мен инфрақұрылымын сақтауға, тиімді пайдалануға және дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді", – деді Мұсабаев.

Айта кетейік, ресми мәліметке сәйкес, "Байқоңыр" кешенін жалға беруден республикалық бюджетке жыл сайын 115 млн. АҚШ доллары түседі. 27 жылдың ішінде, шамамен 3,1 млрд. доллар төленді.

Бүгінде қалада көп пәтерлі тұрғын үйлерді газдандыру шаралары аяқталды. Соның арқасында газ тарифі 16 есеге төмендеді. Қазақстандық көпбейінді қалалық аурухана мен емхана ашылды. Ал 2019 жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 50 пәтерлі бес тұрғын үй салынды. Соның бәрі қала тұрғындары мен Қазақстан азаматтарына таратылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917057-baiqonyrdy-zalga-beru-kelisisartyna-ozgeris-engizildi-senat-zandy-qabyldady/