RU

Қарағандыда дүкенде тоққа түскен экспедитордың әріптесі мән-жайды айтты

Тоқ
Көрнекі сурет: pixabay.com

Қарағанды қаласында дүкенде тоққа түскен экспедитордың өліміне қатысты тың дерек шықты. Оның әріптесі оқиғаның қалай болғанын айтып берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Баспалдақтың таянышында ғана емес, кіреберістің бәрінде тоқ болды. Ол күні – 8 маусымда жаңбыр жауып тұрған. Үсті-басымыз малмандай су еді. Айналаның бәрі шалшық су, дымқыл. Ұлан резеңке шәркеймен жүрген. Оны жалаң аяқ кие салыпты. Ол қорап ұстап, алдымда жүрді. Мен шамамен 3-5 метрдей артта болдым", - дейді марқұмның әріптесі.

Ұланның қолы бос болмаған. Бір қолымен қорап ұстаса, екіншісімен 10 келі майонезі салынған шелекті көтеріп жүріпті.

"Ол қолымен ештеңе ұстаған жоқ. Өйткені тауар болды. Кіреберісте темір еденді басқан кезде резеңке шәркейі алға қарай кетіп, өкшесі темірге тиіп кетсе керек. Кернеу оны лақтырып жіберді. Аяғы аспаннан келіп, шәркейі екі жаққа ұшып кетті. Ол айқайлап жіберді де, шалшық суға құлады. Аяқ-қолы тартылып қалды. Сосын жебедей созылды", - деп атап өтті оқиға куәгері. 

Әріптесі оны киімнен тартып, шалшық судан шығарған. Сосын жүрегіне массаж жасап көрген. Бірақ нәтиже шықпаған.  

"Кіреберістегі басқыштар темір бұрыштықтан жасалған. Оған таянышты бекіткен. Біреу таяныштан ұстап қалса, оны да тоқ соғатын еді", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917337-qaragandyda-dukende-toqqa-tusken-ekspeditordyn-ariptesi-man-zaidy-aitty/