"Сегіз аса қауіпті көл бар": Алматыға сел жүру қаупі төніп тұр
Жарияланған күні:
Оңтүстік астанаға сегіз көлден сел жүру қаупі төніп тұр. Мамандар табиғи апаттың алдын алу шарасын бастап кетті деп хабарлайды КТК арнасы.
"Қазселденқорғау" мекемесі мен құтқарушылар тасқынға тосқауыл болу үшін тау шатқалындағы көлдерді бақылауға алып, арнайы аппараттардың көмегімен су деңгейін азайтуға кірісті.
Олардың осылайша ерте қамдануына синоптиктердің "алдағы аптадан бастап күн қатты ысиды" деген болжамы түрткі болуда.
Алатаудың басында 45 көл бар. "Қазселденқорғау" мекемесі мен төтенше жағдай департаменті бірлесіп осы тау басындағы айдындарды қысы-жазы бақылайды. Күн райы күрт жылынғанда құтқарушылардың жұмысы да күшейеді. Бірақ биыл мамандар тасқынға тосқауыл болатын шараларады жылдағыдан ерте бастап кетті.
"Алматыдағы тау шыңдарында қауіпті деген 12 көл бар. Оның сегізі аса қауіпті көлдердің санатына жатады. Біз осы көлдердегі су деңгейі көтеріліп кетпес үшін алдын алу шараларын бастадық. Қазір сегіз көлдегі жұмысқа 90 адам жұмылдырылды. Эвакуациялық арналарды тазарту және тереңдету жұмысын жүргізу жоспарлануда", - дейді Алматы қаласы ТЖД басшысының орынбасары Ерлан Әлібеков.
Қалың қардың етегінде жатқан №13 көл Алматыны алапат судың астында қалдыруы мүмкін. Сол себепті, көлге сифон орнатыла бастады. Аталған құбыр көлдегі су деңгейін қалыпты жағдайда ұстап тұруға пайдаланылады. Мәселен, былтыр сифонның көмегімен 5 млн-нан астам текше метр су ағызылыпты. Тау шатқалындағы қауіпті көлдерді күнделікті бақылауға қосымша 12 бекет қойылды.
"Бүгінде көлдерге тоғыз су сорғыш сағатына 400 текше метр соратын және ұзындығы 2 мың метр сифон құбырын орнатып жатырмыз. Алматының таулы аймағында барлығы 21 гидробекет орнатылды. Бекеттер көлдің деңгейін, ауаның темпаратурасын және су шығынын төменге айтып отырады", - дейді "Қазселденқорғау" ММ Алматы қаласы пайдалану басқармасының басшысы Самат Дәуленханова.
Көлдердегі суды ағызу мұздықтардың еруі толық аяқталғанға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мамандар дәл қазір айтарлықтай қауіп жоқ болғанымен, күн күрт ысыса, таудағы су төменге сел болып келуі мүмкін екенін айтады.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917835-segiz-asa-qauipti-kol-bar-almatyga-sel-zuru-qaupi-tonip-tur/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.