RU

"Мектеп оқушылары дей ме?": Қызылорда облысында түнде болған жаппай тәртіпсіздік елдің зәресін алды (видео)

Түнде
Видеодан кадр: Facebook/Ақбота Сыздықова

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында түн ішінде болған қақтығыс мессенджерлерде тарап кетті. Оқиғаның видеосын Facebook қолданушысы Ақбота Сыздықова желіде жариялап, полициядан мән-жайды анықтауды сұрады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мессенджерлер арқылы тараған видеода түнгі уақыттағы жаппай тәртіпсіздікті байқауға болады. Автокөліктердің шуы мен адамдардың айғайы жергілікті тұрғындарды шошытып жіберген.

"Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, мынау не құрсын? Жекеме келген видео. Мектеп оқушылары дей ме? Аттестат алғаннан кейін бе? Дейін бе? Оқушылар қақтығысы дей ме? Жаңақорған ауданы полиция бөлімі, не жағдай мынау? 15.06.2021 орын алған дейді ме? Жауап күтемін...", - деп жазды Ақбота Сыздықова желідегі парақшасында.

Облыстық полиция департаменті аталған жайтқа қатысты пікір білдірді.

"15 маусым түнгі сағат 02:00 шамасында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында белгісіз азаматтар автотұрақта тұрған автокөлікке тас лақтырып, зақымдаған. Бұдан бөлек, тұрақ жанындағы ғимаратта орналасқан дүкенге де материалдық шығын келтірілген.

Орын алған оқиға бойынша жүргізілген жедел шаралар нәтижесінде күдікті аудан тұрғыны анықталып, полицияға жеткізілді. Сонымен қатар, аудандық полиция бөліміне 10 азамат жеткізіліп, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Жарақат алғандар жоқ.

Қазіргі таңда аталмыш дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Оқиғаның орын алу себептері мен мән-жайлары анықталуда", - дейді ведомствоның ресми өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917890-mektep-oqusylary-dei-me-qyzylorda-oblysynda-tunde-bolgan-qaqtygys-eldin-zaresin-aldy-video/