Домбыраның шығу тарихын оқыған мәжіліс депутаты жағасын ұстады
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова ағылшын тілі оқулықтарын сынға алды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутаттың айтуынша, мұғалімдер мен ата-аналар арасында 1-сынып пен 5-сыныпқа дейінгі ағылшын тілін оқытуға арналған оқулықтар қызу талқыға түскен. Барлығы Jenny Dooley және Virginia Evans-тың авторлығымен "Экспресс Паблишин" баспасынан шыққан.
Сыртқы мұқабасында "аударылған" деп жазылғанмен, аударма емес, шындыққа жанаспайтын мәліметтер қаптап жүр. Ал білім және ғылым министрлігі оған оң сараптама берген.
"Кітаптың өне-бойынан қазақтың ұлттық ұғымына, дәстүрлі тәрбиесіне келмейтін, шет елдің идеологиясын насихаттайтын иллюстрациялар мен мәтіндерді көптеп кездестіруге болады. Ал енді мынаны қараңыз. Екінші сыныпқа арналған оқулықта ұлттық дәстүрдің қатарына пасха мен масленицаны енгізіпті.
Мұны әрине, қазақстандық мерекелер деп көрсетсе түсінуге болады. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары деп жазылған тақырыпта шілдехана мен баланы қырқынан шығару сияқты салт-дәстүрдің жанында діни мерекелер неге жүр?", - деді Тәжмағамбетова мәжілістің жалпы отырысында.
Ал 5-сыныпқа арналған кітапта елде жоқ аңызды ойдан құрастырып, басып шығарған. Онда екі алып баланың оқиғасы баяндалады. Ағасы тастан көпір жасайды. Інісі екі жіпті ағашқа байлап, алып ән айтып жүреді-міс. Оны көрген ағасы: "Маған неге көмектеспейсің?!", - деп ашуланады да інісінің қолындағы әлгі ағашты тасқа ұрып сындырады. Содан інісі әнді қойып кетеді. Уақыт өте келе, таста қалған ізді байқаған бір халық бұл музыкалық аспап екенін анықтайды. Домбыра содан шыққан деп түсіндіреді.
"Бұл аңызды естігендеріңіз бар ма? Жасалу уақыты 2 мың жылдан ары Кетбұғы шерткен "Ақсақ құланнан" бастап, Құрманғазы, Дәулеткерей салған күй дәстүрі бүгінде ғаламшарды аралап жүр. Халқымыз қашанда домбыраны үкілеп төріне ілген. Бұдан арғысын сөз қылудың қажеті шамалы", - дейді Тәжімағамбетова.
Осыған байланысты ол үкіметке депутаттық сауал жолдап, ағылшын тілі оқулықтарын қайта сараптауды талап етті. Ал сараптамалық комиссияның құрамына тек ағылшын тілі мұғалімдерін емес, балалар психологынан бастап, суретші педагог, этнограф, иллюстратор, қазақ тілі мамандарын, әдебиетшілерді, тағы да басқа мамандарды енгізу керек.
"Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру кезеңінде мұндай оқулықтар Қазақстанның болашағына жауап беретін, өз Отанын қадірлейтін ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды", - деді депутат.
Айта кетейік, депутат Мақпал Тәжмағамбетова – Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, "Қазақстанның жүз жаңа есімі" жобасының жеңімпазы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы қоры ұйымдастырған "Алтын тобылғы" байқауының бас жүлдесін жеңіп алған. "Алақандағы бақыт", "Мен керекпін", "Аспантаудың көктемі", "Шоған абыз", "Ақ қанатты періште" атты жыр жинақтарының авторы. Жасы – 37-де.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917986-dombyranyn-sygu-tarixyn-oqygan-mazilis-deputaty-zagasyn-ustady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.