RU

"Сұйық май ішкізіп, құйрық жегізді": Павлодар тұрғыны өгей қызын тамақ сұрағаны үшін ұрып-соққан

Фото
Фото: pixabay.com

Павлодарда 32 жастағы ер адам өгей қызын қонақтан келген соң тамақ сұрағаны үшін соққыға жыққан. Бұл туралы еліміздегі "Аналар үйі" жобасының үйлестірушісі Әсел Әбішева өзінің Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді. Айтуынша, әйелдер мен балаларға зорлық көрсететін ерлерге қатысты жаза қатаңдатылмайынша, елде мұндай оқиғалардың саны арта бермек деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әсел Әбішеваның мәлімдеуінше, бұл оқиға жайлы оған зардап шеккен әйелдің әпкесі айтқан. Кейін белгілі болғандай, ер адам келіншектің азаматтық некедегі күйеуі болған.

Зәбір көрген келіншек ер адамнан екі қызы бар екенін, алайда өзімен еріп келген үлкен қызына азаматтық некедегі жары үнемі қол көтеріп, қорлық көрсететінін жеткізген.

"Сол күні ол менің үлкен қызыма сұйық май ішкізіп, құйрық жегізді. Қызымның сондағы бар кінәсі – қонақтан келген соң қарны ашып, тамақ сұрағаны еді. Қызым қорыққаннан сұйық майды ішті. Мен қолдан келгенімше оны қорғауға тырыстым, бірақ ол мені де соққының астына алды.
Тіпті қызыма да қол көтеріп, екеумізді көк ала қойдай қылып ұрып тастады. Ол аздай қызымды бұрышқа қойып, түнімен ұйықтамайсың деп қорқытты. Ал ұйықтайтын болсаң, тағы ұрып-соғамын деп шошытты. Сөйтіп күйеуім ұйықтап кетпейінше, ешкімге қоңырау шала алмадым",-деп оқиғаны баяндаған жапа шеккен келіншек.

Сондай-ақ, Әсел Әбішева зәбір көрген келіншектің әпкесі одан көмек сұрағанын айтқан.

"Мен оларға жеткенше, полиция шақырып үлгердім. Әйтеуір келіншек үйден ұйықтайтын киімімен, соққыдан үсті-басы көгерген күйі қашып шыққан. Келіншектің азаматтық некедегі күйеуі мені есіктен көре сала, полицияның жақын арада екенін ұғып, қашып кетті. Бірақ полицейлерге хабар бергеніміз не керек, олар оқиға орнына 40 минуттан соң жетті. Қазір келіншек арыз жазды. Сондай-ақ онымен де, қызымен де психологтар жұмыс жасап жатыр",-дейді Әсел Әбішова.

"Аналар үйі" жобасы өкілінің айтуынша, олар мұндай жағдайлармен жиі кездесетін көрінеді. Десе де Әсел Әбішева мұндай азаматтарға қолданатын жазаның да тым жеңіл екенін атап өтті.

"Мұндай оқиғалардың немен аяқталатынын да көріп жүрміз. Кішкентай қызды ер адам өзінің туған қызы болмағаны үшін осынша қорлаған. Ал өзінен туған екі кішкентай қызға тиіспейді екен. Өкінішке қарай, заң бойынша олар 15 АЕК көлемінде ғана айыппұл төлейді немесе бар-жоғы 15 тәулікке түрмеге тоғытылады. Ал қыздың болашағы үшін сонда кім жауап береді",-деп күйінді қоғам белсендісі.

Павлодар облысы полиция департаменті аталған оқиғаны растап, түсініктеме берді.

"13 маусым күні, сағат 12.02-де Назарбаев даңғылы, 204 мекенжайы бойынша тұратын ер адамның әйелін ұрып тастағаны жайлы хабар келіп түсті. Оқиға орнына келіп жеткен полицейлер 2021 жылдың 13-ші маусымында азаматтық некедегі ерлі-зайыптылардың арасында түсініспеушілік орын алып, нәтижесінде азаматтың 32 жастағы әйелге дене жарақаттарын тигізгенін анықтады. Бүгінгі таңда сот-медициналық сараптама жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім шығарылатын болады. Әйел адам кәмелет жасына толмаған қызына сараптама жасатудан бас тартты",-деп жазылған хабарламада.

Сонымен бірге 31 жастағы азаматқа қатысты "Денсаулыққа қасақана жеңіл түрде зиян келтіру" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны белгілі болды.

"Материал сараптама нәтижелері шыққан соң, жаза шараларын бекіту үшін, сотқа жолданатын болады. Бұдан бөлек, ер адамға қатысты 30 тәулік мерзімге қамау ұйғарымы шығарылды»"-дейді полиция өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918000-suiyq-mai-iskizip-quiryq-zegizdi-pavlodarlyq-turgyn-ogei-qyzyn-tamaq-suragany-usin-uryp-soqqan/