RU

"Бірі құлап аяғын сындырған": Түркістан облысында тауға шыққан үш жасөспірім құтқарылды

Тау
Көрнекі фото: Sputnik Қазақстан/ Болат Шайхинов

Түркістан облысында тауға шыққан үш жасөспірім құтқарылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 3 жасөспірім 17 маусым күні сағат 17.00 шамасында Түркістан облысы Төле би ауданының Екпінді ауылынан 15 шақырым жердегі "Біркөлік" тау шатқалына барып, тау басына көтерілген.

Алайда қараңғы түскеннен кейін жасөспірімдер адасып қалып, ата-аналарына хабар берген. Жеткіншектердің ата-аналары бұл жайлы 112 нөміріне хабарлаған.

Адасқандардың бірі 2003 жылы туған бозбала тауға көтерілген кезде құлап, сол аяғын сындырып алған.

Құтқарушылар дереу оқиға орнына барып, жарақат алған азаматқа алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен. Үш жасөспірімді таудан төмен түсіріп, зардап шеккен азаматты жедел жәрдем бригадасының қызметкерлеріне тапсырған.

Құтқару жұмыстарына Түркістан облысы төтенше жағдай департаментінен 11 құтқарушы мен 3 бірлік техника, жедел жәрдем бригадасынан 3 қызметкер мен 1 бірлік техника жұмылдырылған.

Төтенше жағдайлар министрлігі тауға серуенге шықсаңыз, бейтаныс жермен жүрмеуді ескертеді.

Еске салайық, 25 мамырда Төле би ауданының Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама түскен болатын.

Оның үшеуі аман-есен табылып, үйлеріне қайтарылды.

Ал, 29 мамыр күні сағат 00:30-да үздіксіз іздестіру жұмыстарының барысында Өгем өзенінен бір адамның жансыз денесі табылды. Ол 1999 жылы туған тауда жоғалып кеткен туристер тобының бірі екені анықталды. Екінші жігіттің денесі Өгем өзенінен 3 шақырым жерден табылды.

Сонымен қатар, жақында Түркістан облысының Сайрам-Өгем шатқалынан тағы бір адамның денесі табылды. Болжам бойынша ол жоғалған жігіттің бірі болуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918429-biri-qulap-ayagyn-syndyrgan-turkistan-oblysynda-tauga-syqqan-us-zasospirim-qutqaryldy/