RU

"Жол ортасында бір әйел тұрды": Журналист ақтөбелік мектеп директорлары қайтыс болған тас жолдағы өз басынан өткен оқиғаны айтып берді

Әйел жолдың ортасында
Көрнекі фото: Facebook/Нұрболат Туысбайұлы

Журналист Нұрболат Туысбайұлы Ақтөбе облысындағы екі мектеп директорының өмірін жалмаған тас жолда бұрын өз басынан өткен қызық жайтты баяндады. Біраз күн бұрын дәл сол бағытта жүрген ол Қобдаға жақындағанда тас жолдың қақ ортасында тұрған бір әйелді көргенін айтып берді. Оның сөзінше, әйел сол маңдағы кішкентай ауылдың тұрғыны болуы мүмкін деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Журналист Facebook-те Ақтөбе облысының Ойыл ауданында болған жол апатына қатысты ақпаратты оқып, оқиға болған тас жолда өзінің басынан өткен оқиғаны бөлісті.

Нұрболат Туысбайұлы жолдың ортасына шығып алатын әйелді сол маңдағы ауылдардың бірінің тұрғыны болуы мүмкін деп топшылайды. Ол құзырлы орган өкілдерінен көлік қозғалысына кедергі келтіретін әйелдің туыстарын тауып, "қауіпті жолаушыны" жолдан аластатуды сұрады.

"Өткен аптада жолдасымның анасы да Ақтөбе қаласында болған жол апатынан қайтыс болып, жерлеу рәсіміне қатысқанымызда дәл сол жолмен жүрген едік. Кейін жетісін беріп, балдыздарыммен бірге бейіт басына барып келдік.

Сапарымыздан қайтып келе жатқанда күндіз болатын. Алдымызда келе жатқан сапарлас адамнан қоңырау түсті. Телефоннан: “жол үстінде бір әйел жүр, абайлап өтерсіңдер” деген хабар алдық. Расымен де, көп ұзамай, Қобдаға жақындағанда трассаның қақ ортасында бір әйел тұр. Екі қолын екі жаққа жартылай көтеріп алған. Біссіміләмізді айтып жаймен ғана жанынан жүріп өтіп кеттік. Ауыратын кісі сияқты…Осы ой маза бермей қойды бүгінгі ауыр хабарды оқығаннан кейін. Меніңше, ол әйел сол маңдағы бір кішкентай ауылдың тұрғыны болуы керек", - деп жазды журналист.

Нұрболат Туысбайұлы сол әйел жолға жиі шығатын болса, көп адамға қауіп тудыратынын ескертті.

"Кез келген адам үлкен жылдамдықпен келіп қалса, оқыстан айдалада жүрген адамды көріп шошып кетуі мүмкін, тізгіннен айырылу деген сол. Мұны жазған себебім, егер сол кісіні, туған туыстарын табуға мүмкін болса, оны жол бойына шығармаудың амалын жасау", - дейді ол.

Нұрболат Туысбайұлы жол ортасына ашығып алатын әйелді немесе оның туыстарын тауып, оны жолға шығармау масқатында өз оқиғасын желіде бөліскенін айтады.

Еске сала кетсек, 19 маусым күні Ақтөбе облысында төрт мектеп директоры жол апатына түсті. "Тойота Ленд Крузер Прадо" а/м жүргізушісі Ойыл ауылынан Қобда ауылына қарай жүріп келе жатып, рөлді басқара алмай, автокөліктің қозғалыс бағыты бойынша сол жаққа аударылды. Нәтижесінде Тойота жүргізушісі мен бір жолаушы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, тағы екі жолаушы бірнеше жарақатпен Ойыл аудандық орталық ауруханасына жатқызылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918615-zol-ortasynda-bir-aiel-turdy-zurnalist-aqtobe-oblysynda-eki-mektep-direktory-qaitys-bolgan-tas-zolda-oz-basynan-otken-zaitty-bolisti/