Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде "үнді" штамына тән болуы мүмкін мутация анықталды: ДСМ мәлімдеме жасады

Опубликовано:

Науқас пен дәрігер
Көрнекі фото: Getty Images

Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда "үнді" штамына тән болуы мүмкін мутация анықталғанын мәлім етті. Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың ресми Telegram арнасы хабарлады.

"Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық деңгейінің күрт өсуіне байланысты денсаулық сақтау министрлігі КВИ жұқтырған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР скринингін өткізді.

Скрининг қорытындысына сәйкес, "Дельта" ("үнді" штамы) штамына тән болуы мүмкін мутация анықталды", – дейді денсаулық сақтау министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, мутацияның бары және оның "Дельта" штамына жататыны ДНҚ үлгілерін толық геномдық секвенирлеуден кейін белгілі болады.

ДСМ дерегінше, "Дельта" коронавирус штамының өзге штамдарға қарағанда жұқпалылығы 60 пайызға жоғары.

Қазіргі айналымдағы штамдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға жұғатын болса, бұл штамм 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады.

Ал індет жұқтырғандарға буындар мен іштің қатты ауыруы, жүрек айну, құсу сынды ауру белгілері тән.

Тіпті, адам саңырау болып қалуы әбден мүмкін және аяқтардың микротромбозына әкеледі дейді мамандар.

"Соңғы зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, коронавирустың "үнді" штамын жұқтырғандар арасында ауруханаға жатқандар мен қайтыс болғандар көп.

Осыған орай денсаулық сақтау министрлігі әрбір қазақстандықты өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарауды сұрайды.

Инфекциядан қорғанудың бірден бір жолы – COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаның толық курсын алу.

Коронавирусқа қарсы екпе алуға қарсы көрсетілімдері жоқ әрбір азаматқа қысқа мерзімде вакцина салдыруға кеңес береміз", – деп қосты министрлікте.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 20 маусымдағы мәліметінше, SARS-CoV-2 "Дельта штамы" әлемнің 174 елінде анықталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918710-elimizde-undi-stamyna-tan-boluy-mumkin-mutaciya-anyqtaldy-dsm-malimdeme-zasady/

pixel