RU

Топпен бірге қыз зорлады деп күдіктелуде: Шымкентте іздеуде жүрген ер адам 7 жылдан кейін ұсталды

кісен1
Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкентте 7 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген күдікті ұсталды. Ол топпен бірге бойжеткенді зорлады деген күдікке ілінген деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның мәліметінше, қылмыс 2014 жылдың наурыз айында Шымкенттегі Игілік ауылында жасалған. Төрт ер адам Москвич-412 көлігінің салонында 23 жастағы қызды зорлаған.

Бұған дейін үш адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда төртінші ер адам полициядан бірнеше жыл бойы жасырынып келген.

Тергеу органдарынан қашқан күдіктіге мемлекетаралық, содан кейін халықаралық іздеу жарияланған. Оның бой тасалауы мүмкін елдерге – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігіне бағдар жолданған.

Қылмыс жасалғанға дейін ер адамның Ресей аумағына бірнеше рет барғаны анықталған. Осыған байланысты қазақстандық детективтер көрші елге де барған.

Алайда күдікті жеті жыл іздеуден кейін мегаполистегі "Эврика" сауда орталығының жанында тұтқындалған.

Полицияның мәліметінше, күдікті жасырынып жүрген кезінде туыстарымен және достарымен байланысты тоқтатқан. Әртүрлі қалада жалдамалы пәтерде тұрып, үй жөндеу жұмыстарымен айналысқан.

Құқық қорғаушылардың назарына түсіп қалмас үшін ол үнемі бас киім мен қара көзілдірік киіп, мұрт пен сақал қойған. Адам көп жиналатын жерлер мен қоғамдық орындарға баруды да доғарған.

Қазіргі уақытта күдікті Шымкент қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1918739-toppen-zorlyq-zasagan-symkentte-izdeu-zurgen-kudikti-7-zyldan-keiin-ustaldy/