Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сайқымазақ шоулардың әсері аз емес": Депутат шығармашылық одақтарға қатысты үкіметке сауал жолдады

Жарияланған күні:

Депутаттар
Көрнекі фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса үкіметке депутаттық сауал жолдап, мәдениет пен тілді қорғау аясында шығармашылық одақтарды қаржыландыру тәртібін ретке келтіруді сұрады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Біздің телеарналардағы қаптаған өзге елдің телесериалдарының елге әсері үкіметтің бұйрықтары мен парламенттің заңдарынан да ықпалды болып кететінін ұмытпайық. Кейде теріс тәрбиеге, ұлтсыздыққа шетелдік ақпараттық экспансиямен бірге өзіміздің ұлттық ұғымнан жұрдай түрлі фильмдеріміздің де, жеңіл күлкіге құрылған сайқымазақтық шу мен шоулардың әсері аз емес. Ел телеарналарына тізесі жалтыраған жыртық шалбарлы әншілер шығып жатқанда, жалпы осы біздің идеологиямыздың өзі бүтін бе деп ойлауға тура келеді кейде", - дейді депутат.

Осы ретте Қазыбек Иса рухани жаңғырудың негізі - ұлттық мүддемізді қорғайтын, ұлттық болмысты қалыптастыратын, ең алдымен ұлттың руханияты мен мәдениеті екенін атап өтті.

"Көзіміз жеткендей, іс жүзінде мемлекеттің стратегиялық серіктесі және қоғамдағы ұлттық идеялардың қозғаушы күші болуға тиіс шығармашылық одақтар қазір қаржылық қиындықтардан шыға алмай, өз күндерін зорға көріп келе жатыр... Мәдениетімізді қолдауға баса назар аударып келе жатқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылған еді. Қазір бұл қордың жұмысы әлі жүрмей жатыр", - дейді мәжілісмен.

Оның сөзінше, шығармашылық одақтар қаражат жоқ екенін айтуда. Ал мәдениет министрлігіндегі шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 млн теңге игерілмей қалған екен.

"Себебі, шығармашылық одақтар құжаттары конкурстық талаптарға сәйкес келмеді дейді министрлік. Өздері күн көре алмай отырған шығармашылық одақтар осылай құдайдың өзі жіберіп тұрған өздеріне тиесілі сыбағасынан айырылып отыр...
Шығармашылық одақтардың мұңын да, министрліктердің жырын да түсінуге болады. Өйткені, біздің заңымыз бойынша ұлттық мүддемізді қорғауға рухани нәр беретін, ұлтшыл рухты ұрпақтар тәрбиелейтін Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, театр, кино одақтары, яғни Ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтар мен ...ит үйрететін одақтардың рөлі бірдей.  Мұндай, 22 мың ұйымның бәріне бір көзбен қарап отырғанда, бұл мәселе ешқашан шешілмейді", - деді ол.

Исаның ойынша, ұлттық болмысты қалыптастыруда маңызы зор шығармашылық одақтардың рөлін арттыру үшін мемлекеттің стратегиялық серіктестігі ұғымын енгізу кезек күттірмес мәселе.

"Биыл Тәуелсіздігіне 30 жыл толып жатқан  елімізде, соғыс кезі емес, құдайға шүкір бейбіт кезеңде Мәдениетіміз бен Тілімізді сақтап қала алмасақ, біз не үшін отырмыз бұл жерде? Егер үкімет бұл мәселені жақын арада шешпей, сүйрете беретін болса, біз заңға өзгерістер енгізуді өз қолымызға аламыз", - деді ол.

Осы ретте "Ақ жол" партиясының депутаттары өз ұсыныстарын жария етті.

  1. Шығармашылық одақтарды қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан  шешу үшін оларға мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусын беру керек.
  2. Шығармашылық одақтардың мемлекетпен әріптестік қызметін жандандыру үшін мәдениет пен өнерді дамыту гранттарын тағайындау қажет.
  3. Ұлттық болмысымызды жат болмыстан қорғау үшін ұлттық идеологиялық, Ақпараттық-рухани қауіпсіздік тетіктерін жасауды шұғыл қолға алу керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919058-saiqymazaq-soulardyn-aseri-az-emes-deputat-sygarmasylyq-odaqtarga-qatysty-ukimetke-saual-zoldady/