RU

Түркістан облысында досын көлікпен сүйреген ер адам жауапқа тартылды (видео)

Видео
Видеодан кадр: Түркістан облысы Полиция департаменті

Түркістан облысында көлікпен досын сүйреген жүргізуші жауапқа тартылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізген полицейлер Instagram парақшаларының бірінен бір топ жігіттің видеосын көрген.

Ер адамдар ВАЗ-2114 маркалы Ресей автокөлігімен белгісіз біреуді сүйреген сәтін видеоға түсірген.

"Орын алған құқық бұзушылықты жасаған, авариялық жағдай туғызып, сондай-ақ жолаушы тасымалдау қағидасын бұзған жүргізушіні табу мақсатында тәртіп сақшылары бірден іске кірісіп, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде оқиға Түркістан қаласындағы көшелердің бірінде орын алғаны айқындалды", - дейді полицейлер.

Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жас жігітке қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 593-бабы 1-бөлігі "Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жол жүрісі қағидаларында көзделген қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау" және 606-баптың 1-бөлігі "Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы" бойынша хаттама толтырылған.

Полицияның мәліметінше, жігіттер жасаған әрекеті үшін өкініп, алдағы уақытта мұндайға жол бермейтінін жеткізген. Белгілі болғандай, жүргізуші түркістандық болса, жанындағы достары Тараз қаласының тұрғындары екен.

Осы ретте Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919117-turkistan-oblysynda-dosyn-kolikpen-suiregen-er-adam-zauapqa-tartyldy-video/