Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Вакцина алмағандар қашықтан жұмыс істейді: Көлгінов астаналықтарға үндеу жасады

Жарияланған күні:

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында жаңа қауіпті штамның табылуына және ауру жұқтырудың өршуіне байланысты азаматтарды коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырған жазба жариялады.

"Өздеріңіз білетіндей, қаламызда "Дельта" штамы (үнді штамы деген атаумен белгілі) инфекциясының алғашқы жағдайлары тіркелді! Науқастар саны азаймай тұр. Өткен тәуліктің өзінде инфекцияның 413 жағдайы анықталды! Мыңнан астам адам инфекциялық стационарларда жатыр. Төсек-орындардың жартысынан көбі толды", – деп жазды қала әкімі.

Көлгіновтің сөзінше, жан сақтау бөлімінде 100 науқас жатыр. 21 адамға өкпені жасанды желдету аппараты қосылды. Медицина қызметкерлеріне артылған жүктеме бірнеше есе өсті және өсіп жатыр.

"Қазір ғылымға қарсы тұратын уақыт емес. Ғылымның көмегімен жыл сайын жер бетіндегі миллиондаған адам денсаулығын сақтап, аман қалады. Ғылым ғана адамды жаңа, қауіпті вирустар мен инфекциялардан сақтануға көмектеседі.

Шұғыл түрде вакцинация алу қажет! Вакцинация арқылы өзіңізді, отбасыңызды және айналаңыздағы жұртты қорғай аласыз. Егер коронавирус инфекциясының жұқтыру көрсеткіші азаймаса, қала тұрғындары мен ШОБ нысандары қатаң санитарлық нормаларды сақтамайтын болса, локдаунға қайта оралуымызға тура келеді. Адам денсаулығы мен өмірі қыл үстінде", – деп жазды Көлгінов.

Санитарлық нормалардың, карантиндік шектеулердің сақталмауы, кейбір азаматтардың оған бей-жай қарауы салдарынан туындаған жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша карантиндік шектеулер қабылдауға мәжбүрміз. Санитарлық дәрігерлер карантиндік шараларды қатаңдату туралы жаңа қаулы дайындауда.

Әкім тәуекел тобындағы азаматтарға міндетті түрде вакцина алуды ұсынатынын жазды.

"Бұл топқа педагогтар, медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, мектеп, балабақша, университет қызметкерлері, қызмет көрсету салалары, яғни ХҚО, банктер, СОО/СҮ, шаштараздар, сұлулық салондары, талапкерлер (18 жасқа толған), сондай-ақ қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкерлер жатады.

Қала тұрғындарымен тікелей байланыста болатын және жұмыс істейтін қызметкерлер түсінуі керек: ең алдымен өзін және айналасындағы адамдарды қорғауы қажет. Мысалы, қоғамдық тамақтану орындарында/мейрамханаларда немесе СОО-да бөтен адамдармен тікелей байланысатын болсаңыз, ең алдымен вакцинациядан өтіп, өзіңізді және айналаңыздағы жұртты қорғауыңыз керек.

Егер аталған ұйым қызметкерлері вакцинацияланбаса, нысанның жұмысы тоқтатылады", – деп түйіндеді елорда әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919152-vakcina-almagandar-qasyqtan-zumys-isteidi-kolginov-astanalyqtarga-undeu-zasady/