Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балаларым мүлде орысша білмейді": Гонконгта тұратын қазақ қызы шетелдегі өмірдің қыр-сырын ашты

Жарияланған күні:

Әсел Тойбекова отбасымен
Әсел Тойбекова отбасымен: Жеке мұрағат

Тараз қаласының тумасы Әсел Тойбекова бүгінде өз отбасымен Гонконг қаласында тұрып жатыр. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған ол жұбайының жұмыс жағдайын ескеріп әрі тіл үйрену мақсатымен осыдан үш жыл бұрын шетелге көшкен. Әсел Азиядағы алпауыт елдердің бірінде күн кешудің ерекшеліктеріне тоқталып, ондағы тіл мен мектеп мәселесі туралы айтты. Сондай-ақ, көпшілікке беймәлім кәсіп түрін қалай меңгергенін де жасырған жоқ деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Есімім – Әсел. 32 жастамын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Бірақ сегіз жылдан бері бала күтіміне байланысты үйде отырмын. Қытайға кеткенде үш қызымыз бар еді. Былтыр Гонконг қаласында ұлымыз дүние есігін ашты. Шетелде жүргенімізге үш жыл толыпты. Алғашқы бір жылды Шанхайда өткізіп, соңғы екі жылда Гонконгте тұрып жатырмыз. Мұнда келгендегі басты мақсатымыз – оқу әрі жұмыс істеу. Жолдасым осында магистратура бітіріп, қазір халықаралық мектептің әкімшілігінде жұмыс жасап жатыр. Әрине, бұл жақта түбегейлі қалатын ойымыз жоқ. Бірнеше жылдан соң елге қайтатын жоспарымыз бар», - дейді Әсел.

Сұхбат барысында Әсел отбасымен бірге тұрып жатқан қалаларды сипаттап берді.

«Шанхай қаласы отыз миллион халқы бар үлкен мегаполис. Қытайдың ең әдемі қалаларының бірі. Кезінде шығыстың Парижі деп аталған. Ол жақта қытай тілін білмеген соң бізге біраз қиын соқты. Өйткені ағылшынша түсінетіндер көп емес. Ал Гонконг 1997 жылға дейін Ұлыбританияның отары болғандықтан бұл жақта ағылшын тілі біздегі орыс тілі сияқты қолданылады. Бізден бір айырмашылығы - Гонконг халқы шетелдіктермен ағылшын тілінде еркін сөйлескнімен, өзара тек қытай тілінде сөйлеседі. Гонконг - әлемдік қаржы орталығы, әлемнің ең қымбат қалаларының бірі.Бүкіл Қытай мандарин тілінде сөйлесе, Гонконг кантон тілінде сөйлейді. Екеуінің ұқсастығы қазақ және өзбек тілі сияқты», - дейді ол.

Үш жылдан бері шетелде тұрып жатқан ол жергілікті халықтың қандай қасиеттерін үйренуге болатынын айтты.

Әсел Тойбекова отбасымен
Әсел Тойбекова отбасымен: Жеке мұрағат

«Қытайлардан салауатты өмір салтын үйренуге болады деп ойлаймын. Бұл жақтың халқы таңертең ерте оянады, міндетті түрде саябаққа шығып жаттығу немесе спортпен айнлысады. Үлкен кісілер кешкі астан кейін саябаққа шығып би билейді. Екінші қасиеті - еңбекқорлық. Олар өте көп жұмыс істейді, тынымсыз», - деген Әсел өз балаларының шетелдегі өміріне де тоқталды.

«Қытайда шетелдіктер мемлекеттік балабақша немесе мектепке бара алмайды. Өйткені, өз халқына жетіспейді орын. Сәйкесінше, шетелдіктер тек жеке мектептерге бара алады. Жеке мектептер де қалтаға үлкен күш түсіреді. Шанхайда екі қызымызды тамағы халал болған соң мұсылман қытайлардың бала бақшасына бердік. Ал Гонконгта мемлекеттік балабақша тегін әрі ағылшын тілінде, тек автобус ақысын төлейміз. Қазір екі қызымыз жолдасым жұмыс істейтін халықаралық мектепте ағылшынша оқып жатыр. Сыныптастарының көбісі біз сияқты шетелдіктер. Қытай тілін екінші тіл ретінде оқиды» - дейді ол.

Әсел отбасында балаларымен тек қазақ тілінде сөйлесетінін, олардың орысша білмейтінін де алға тартты.

«Мектепті жақсы оқығанның арқасында ағылшын тілінде еркін сөйлеймін. Үйде тек қазақ тілін қолданамыз, интернеттен қазақша концерт көреміз. Балалардың ең сүйікті бағдарламасы - «Зың зың Күлпаш». Балаларымыз орысша білмейді. Біздің жасымызда қытай тілін үйрену қиындау. Оның үстіне, мына жақта араласатын достарымыздың барлығы қазақтар немесе бұрынғы кеңес үкіметінің адамдары. Орыс, татар ұлттарының өкілдерімен кездескенде біз өзара орысша сөйлесеміз, балаларымыз ағылшын тілінде сөйлеседі», - дейді ол.

Бүгінде Әсел конмари әдісі бойынша үй жинау әдістерін үйреніп, Гонконгта жаңа кәсібін бастап жатын.

«Конари - жапондық Мари Кондо деген үй жинау маманының ойлап тапқан әдісі. Ол кісінің айтып істеп жүрген барлық әдістері біздің салт-дәстүрімізде бар нәрселер болғандықтан, өзіме жақын тарттым. Мысалы, атам қазақ әрбір заттың киесі бар деп сенген. Жақсы кісінің жолын берсін деп сол кісінің киімін сұрап киген. Қайтыс болған кісінің заттарын лақтырып тастамаған, жақындарының арасында бөлісіп, көзінің қарашығындай сақтаған.

Ұл туу ниетімен қызға ұлдың бір киімін кигізу немесе ұл туған әйелдің іш киімін сұрау әлі күнге дейін бар. Біздің дініміз де ысырып жасамай, әрбір затқа ұқыпты қарауға әмір етеді. Конмари әдісі де осы ақиқаттың төңірегінде.

Жалпы үй жинау маманы соңғы жылдары шетелде, әсіресе Гонконгта өте сұранысқа ие жаңа мамандық болып келеді. Мен де қазір Конмари сертификатын алу үшін Америкадан онлайн білім алып жатырмын әрі Гонконгта үй жинау маманы ретінде өз кәсібімді бастап жатырмын. Гонконгтың үйлері өте шағын, заттар болса өте көп. Мен сол Гонконг халқына шағын үйлерін жайлы қылып орналастыруға көмектесемін», - дейді Әсел.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919258-balalarym-oryssa-bilmeidi-gonkongta-turatyn-qazaq-qyzy-seteldegi-omirdin-qyr-syryn-asty/