Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қашықтан жұмыс істейтін қызметкердің жалақысы азая ма

Жарияланған күні:

Ноут1
Көрнекі фото: piqsels.com

Парламент сенатының жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл құжат Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді.

"Бүгінгі таңда әлемдік практикада қашықтан жұмыс істеу белсенді даму үстінде, сондай-ақ жұмыскердің аралас жұмыс істеу режимінде жұмыс істеуді үйлестіруінің құқықтық мүмкіндігі кеңінен таралған. Коронавирустың таралуына дейін жүргізілген халықаралық зерттеулерге сүйенсек, 2020 жылдың басында әлемдік компаниялардың 16%-ы толығымен қашықтан жұмыс істеді, ал 40%-ы аралас жұмыс режимін қолданды. Өздеріңізге белгілі, 2020 жылы Қазақстан аумағында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуы, қызметкерлердің орта есеппен 70%-ын қашықтан жұмыс істеуге ауыстырып, жұмыс режимінің өзгеруіне алып келді", – деді сенат депутаты Нариман Төреғалиев заң жобасын бірінші оқылымда қарау кезінде.

Оның айтуынша, елімізде қашықтан жұмыс істеуді ұйымдастырудың қалыптасқан тәжірибесі, пандемия кезеңіндегі еңбек саласындағы нақты процестер мен еңбек заңнамасы арасындағы алшақтықты көрсетті. Аталған мәселелер қолданыстағы Еңбек кодексінің 138-бабымен ғана реттелді, ол өз кезегінде бүгінгі қашықтан жұмыс істеу проблемаларын толыққанды шешуге мүмкіндік бермеді. Анықталған олқылықтарды ескере отырып депутаттар бірқатар ұсыныс жасады.

"Атап айтқанда қашықтан жұмыс істеуге ауысқан қызметкерлердің тап болған өткір мәселелерінің бірі – коммуникация құралдарымен, компьютерлермен және басқа да құралдармен қамтамасыз ету болатын. Осыған байланысты заң жобасында көзделген нормаға сәйкес, төтенше жағдайды енгізу, жариялау және шектеу ісшараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде уақытша қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыскерлерді коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету және шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Егер жұмыскер өзінің коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланатын болса, жұмыс беруші өтемақы төлей алады, оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімдері тараптардың келісуі бойынша белгіленеді", – деп түсіндірді сенатор.

Келесі тағы бір норма, тараптардың келісуі бойынша қашықтан және қашықтан аралас жұмыс істеу ұғымдарын енгізу туралы. Аралас жұмыс істеу жұмыс кезеңдерін жұмыс беруші орналасқан жерде де, одан тыс жерде де кезектестіруге мүмкіндік береді.

"Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында еңбек шартында жұмыс уақытының тіркелген есебін белгілеу жөніндегі норма көзделді, осы уақыт ішінде жұмыскер жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулерін сақтай отырып, жұмыс уақыты шегінде жұмыс берушімен байланыста болу үшін қолжетімділік режимінде болуға тиіс.

Бұл ретте, еңбек шарты тараптарының келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.

Сонымен бірге, орындалатын жұмыс көлемі сақталған жағдайда жұмыс берушіге, қашықтан жұмыс істейтін қызметкердің жалақысын төмендетуге мүмкіндік бермейтін норма енгізілді. Жұмыс берушінің, жұмыскерлер қашықтықтан жұмыс істеу кезінде пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау туралы шарт жасасу құқығы бекітілді", – деді Нариман Төреғалиев.

Оның пайымынша, заң жобасының қабылдануымен қашықтан жұмыс істеуді нақты регламенттеу және еңбек шарты тараптарының құқықтары мен міндеттерін бекіту арқылы жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау қамтамасыз етілетін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919278-qasyqtan-zumys-isteitin-qyzmetkerdin-zalaqysy-tomendetile-me/