Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көкшетауда жүкті әйел дәрігерлердің қатесінен мүгедек болып қалды

Опубликовано:

Жүкті әйел
Көрнекі фото: pixabay.com

Көкшетау қаласында жүкті әйелдің мүгедек болып қалуына кінәлі акушер-гинеколог дәрігерлерге үкім шықты. Алайда, мерзімнің өтуіне байланысты дәрігерлер қылмыстық жазадан құтылып, залалды ғана өтейтін болды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Соттың дерегінше, 2019 жылдың 8 мамырында Көкшетау қаласындағы перзентханаға түскен жәбірленушіні екі кезекші дәрігер қараған.

"Олар өз тексеру нәтижелері бойынша басқа дәрігер жүргізген алдыңғы тексерудің деректерін, сондай-ақ әйелдің анамнезінің нәтижелерін назарға алмай, қылмыстық немқұрайлылық таныта отырып, өз іс-әрекеттерінен қоғамдық қауіпті салдар туындауы мүмкіндігін алдын ала болжамай, ұрықтың ұрық қабығының нақты жай-күйін толық бағаламай, өз өкілеттіктерінің шеңберінен шығып, бұрын қойылған диагнозды негізсіз алып тастаған. Абайсыздық пен медициналық көмек көрсетуде жіберілген қателіктерге байланысты жәбірленуші І топ мүгедектігін алды", - дейді сот.

Сот отырысында прокурор сотталушыларды кінәлі деп танып, ескіру мерзімінің өтуіне байланысы оларды қылмыстық жауаптан босатуды сұраған.

Ал жәбірленуші тарап ең қатаң жаза беруді сұраған. Сотталушылар өз кінәсін мойындамапты.

Көкшетау қалалық сотының үкімімен екі акушер-гинеколог Қылмыстық 317-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды.

"Қылмыс жасалған күннен бастап екі жылдан астам уақыт өтті. Қылмыстық кодекстің 71-бабына сәйкес адам, егер қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейін 2 жыл өтсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Сотталушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты олар қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жазадан босатылды", - дейді сот.

Жәбірленуші тараптың азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылған. Ақмола көпсалалы облыстық ауруханасынан келтірілген материалдық залал 3 928 168 теңге және моральдық зиян 15 000 000 теңге өндірілген.

Сондай-ақ, сотталғандардан өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша 1 500 000 теңге мөлшерінде шығыстар өндіріп алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар, сот іс бойынша тергеу барысында әуре-сарсаңға жол бергені үшін прокуратура мен полиция органына, ал дәрігерлердің жұмысында анықталған бұзушылықтар үшін Денсаулық сақтау басқармасының атына жеке қаулылар шығарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919327-koksetauda-zukti-aiel-darigerlerdin-qatesinen-mugedek-bolyp-qaldy/

pixel