Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Салмағым 26 келі": Дертіне ем таппай отырған елордалық азамат жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Қанат
Кадр: "Астана" арнасы

Елордада 47 жастағы Қанат Қабылов есімді азамат бар жоғы 26 келі салмақпен төсек тартып жатыр. Айтуынша, дәрігерлер жеті ай бойы оның дертін таба алмай, бірі-біріне сілтеп шаршатқан деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Үш баланың әкесі Қанат денсаулығының күрт нашарлағанын байқаған соң дереу ауруханаға барған. Оған дейін жарты жыл сайын тұрақты тексеруден өтіп тұрдым дейді. Магнитті-резонанстық томография қорытындысы омыртқа сүйектерінде қатерлі ісіктің зақымданған клеткаларын көрсетіпті. Ол жолдамамен қалалық онкологиялық ауруханаға келеді. Алайда дәрігерлерден күткен көмекті ала алмай, уақыт оздырып алдым деп налуда.

"Қаңтардан бастап ешқандай ем алған жоқпын. Тек ауырсынуды басатын укол, болды. Анализді бүкіл жерден алды. Қалқанша безден алды, Кеуде тұстан алды, омыртқадан алды. Бүкіл жерім тесік-тесік. Бірақ білмеймін, ешқандай нәтиже шығара алмайды", - деп күйінді ол.

Қанатқа алты жыл бұрын өңештің ісігі диагнозы қойылып, ота жасалған екен. Содан кейін жағдайы түзелген соң, алаңсыз жүріпті. Бірақ, дерт қайта мазалағандықтан, ол өзіне ота жасаған дәрігерге барған. Айтуынша, ондағылар туберкулезге қарсы диспансерге жіберген. Бірақ науқастың жұбайының сөзіне сенсек, ағзада кох таяқшаларына тән ешнәрсе табылмағандықтан, "ісік болуы мүмкін" деп қайтадан онкологиялық орталыққа жіберіпті.

"Майдың 27-сі ауруханаға жатады, 28-і КТ алып, "сенде 4 дәрежедегі онкология"дейді. Біз көмектесе алмаймыз, химияны көтере алмайды, үйде күтімде болуы керек дейді. Сонда ол калай? Сонда мен не істеуім керек?", - дейді науқастың жұбайы Айнагүл Смағұлова.

"Ол кісі бізге алғаш келген кезінде ісік болды. Омыртқа сүйектері зақымданған. Бірақ біз бұл диагнозды растауға немесе жоққа шығаруға тырыстық. Біз оның сараптамасына қажетті барлық нәрсені жасадық деп ойлаймын. Науқастың жағдайы нашарлауда, омыртқа сүйектерінде өзгерістер бар, жақсарып жатқан ешнәрсе жоқ, сондықтан біз оған клиникалық түрде осындай диагноз қойдық. Қатерлі ісік деп. Сараптамалардың нәтижесіне қарамастан", - дейді онколог дәрігер Юрий Жуков.

Осыдан алты ай ғана бұрын отбасын асырап, алаңсыз жұмыс істеп жүрген азамат "қазір дәрменсізбін, жағдай дәл осылай болады деп ойлаған жоқпын" дейді. Ол бұған дер кезінде көмек көрсетпеген, емдеуден бас тартқан дәрігерлерді кінәлі санап отыр.

"Қанат мырзаның жағдайында егер 2015 жылы жасалған операция салдарынан денсаулығы нашарлаған болса, құқық қорғау органдарына шағым жасау арқылы алдын ала тергеу барысында сот медициналық сараптама тағайындауы тиіс. Ота жасаған дәрігерлердің кінәсі анықталса, азаматтық тарап арыз жасау материалдық және моральдық залалды өндіруге болады", - дейді заңгер Жамбыл Мамбетов.

Мемлекеттік емдеу орындарынан қолдау таппаған Қанат амалсыздан ақылы дәрігерлік қызметке жүгіндім дейді. Бірақ диагнозды нақты көрсететін аппаратқа түсу үшін қыркүйекке дейін кезек күтуі керек екен. Уақыт тығыз, сондықтан өмірмен күрескен азамат құзырлы орындардан көмек сұрауға мәжбүр екенін айтып отыр.

А. Базарбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919349-salmagym-26-keli-dertine-em-tappai-otyrgan-elordalyq-azamat-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel