Ақтауда куәгерлер жеткіншектің көз жұмуына қатысты оқиғаның мән-жайын айтып берді
Жарияланған күні:
Ақтау қаласында 14 жастағы жеткіншек көз жұмды. Оқиға куәгерлері болған жайттың мән-жайын айтып берді деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Оқиға куәгерлері "жедел жәрдем дәрігерлері дайындықпен келгенде жасөспірімді құтқаруға болар еді" дейді. Себебі, жедел жәрдем келген кезде бала әлі тірі болған. Ал шенеуніктер жасөспірім электр тоғынан қайтыс болғаны туралы болжамды айту әлі ерте, медициналық тексерістің қорытындысын күту керек деп отыр.
Куәгерлердің айтуынша, сегізінші сынып оқушысы мектеп қоршауынан секіріп өтпек болған. Бірақ қоршауға ілініп қалып, түсу үшін бір қолымен бағанды ұстаған. Шамы бар бағанға келіп тұрған қатты тоқтың күшінен бала жерге құлаған дейді. Көмекке көрші үйдің тұрғындары бірінші болып жетіпті.
"Біз оны бірден төңкеріп, ауызбен жасанды дем салдық, ол бірден ентікті. Нақты дем ала бастады. Басқалар тағы жасады, оны көп рет жасау керек екен. Мен білген жоқпын. Жасанды дем беруді қайтадан жасадым. Жігіт оның аузына тағы үрледі, бала қайта тыныс ала бастады. Ол кезде жедел жәрдем әлі келмеген", - дейді куәгер Берік Сәрсемалиев.
"Реанимациялық жедел жәрдем көлігі келуі керек еді, егер ол келсе, баланы құтқару мүмкін еді. Оның орнына қарапайым жедел жәрдем келді, ол жерде электрлік шокер де, дәрі-дәрмектері де жоқ", - дейді өзге куәгер Армангүл Иванова.
Бұл қайғылы оқиға коммуналдық саладағы біраз кемшіліктің бетін ашты дейді тұрғындар. Бір апта бұрын ғана сыртқы жарықтандыруға жауапты компания ауысқан екен. Электр желісінде ақау болған-болмағанын арнайы комиссия анықтайды.
Ал мекеме қызметкерлері өздерінің кінәсін жоққа шығаруда. Қала әкімшілігі де асығыс қорытынды жасамауды сұрайды.
"Алдын ала ақпарат бойынша бұл жерден екі мәселе көтеріліп отыр. Біріншісі дуалдан құлап, басына зақым келіп өлуі немесе қасындағы жарық беру бағанасына тоққа түсті деген күдік бар. Бірақ қазір түгел тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша қосымша ақпарат береміз", - дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман.
Тұрғындардың айтуынша, олар билікке электр сымдарының мүшкіл жағдайын әлеуметтік желі арқылы бірнеше рет жеткізген. Алайда, жауаптылар қайғылы оқиғадан кейін ғана қимылдай бастады дейді.
А. Базарбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919365-aqtauda-kuagerler-zetkinsektin-koz-zumuyna-qatysty-oqiganyn-man-zaiyn-aityp-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.