RU

"Аштық келе жатыр": Көпбалалы әке азық-түлікке аптасына 90 мың жұмсайтынын айтып дабыл қақты

Азық-түлік
Фото: Айбектің жеке мұрағатынан

Астана тұрғыны азық-түлік алуға жұмсайтын ақшасын жіктеп айтып берді. Төрт баланың әкесі базардағы азық-түлік бағасына қарап, елорададағы орташа жалақы алатын жандар үшін аштық қаупі туындауы мүмкін деген болжамын жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Айбек - төрт баланың әкесі. Ол Нұр-сұлтан қаласында түнгі такси қызметін атқарады, ал күндіз әйелі жұмыста болғанда балаларына қарайды.

Төрт баланың әкесі бір аптаға мөлшерленген азық-түлікті қаншаға алғанын жіпке тізгендей айтып берді.

"Базарда картоп - 250 теңге, сәбіз - 570 теңге, болгар бұрышы - 250 теңге, пияз - 120 теңге, орамжапырақ - 100 теңге, кәді - 300 теңге, баялды - 300 теңге, қызанақ - 350 теңге, қияр - 300 теңге. Сондай-ақ, көп мөлшерде аскөк алдық. Нәтижесінде көкөніске 30 мың теңге жұмсадық.

Ал қалған азық-түлікті супермаркеттен алдық. Күріш, макарон, ұн, сүт, су, жөргек, сыра және ұсақ-түйек. Сонымен ол жерде тағы 30 мың теңге кетті. Жолдан ет дүкеніне кіріп 7-8 келі сиыр етін алдым, 20 мың шықты. Міне көпбалалы отбасының бір аптадағы тамағы осындай. Сонда бізге тамаққа аптасына 80-90 мың кетеді екен", - дейді ол.

Азық-түлік
Фото: Айбектің жеке мұрағатынан

Аталған сомаға Айбек жанармай, коммуналдық қызмет, ұялы байланыс, несие, сияқты шығындарды қоспаған. Ол инфляцияны 7 пайыз деп жүрген үкіметке мысқылмен қарайтынын айтады.

"Базардағы саудагерлер оңтүстік өңірлерде жанармайдың жоқтығынан көкөніс пен жеміс жидек тасымалы тоқтап тұр дейді. Бұл бір халыққа әдейі жасалғандай сезіледі екен", - дейді ол.

Төрт баланың әкесі базардағы азық-түлік бағасына қарап, елорададағы орташа жалақы алатын жандарға аштық қаупі төнуі мүмкін деген болжам жасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919400-astanalyq-kopbalaly-otbasy-aptasyna-90-myn-tengege-qandai-azyq-tulik-alatynyn-korsetti/