"Сіңірін кесіп тастау керек": Он жасар балақайдың анасы мүгедек ұлының емі үшін жанұшыра көмек сұрады
Жарияланған күні:
Алматы қаласының кішкентай тұрғындарының бірі, он жасар Еркебұлан Дүйсебайдың анасы қасиетті жұма күніндегі садақаны ұлының еміне беруді сұрап, көпшілікке өтініш жасады. Төртбалалы ана туабітті сырқатымен күресіп жатқан ұлының емі үшін қайырымды жандардан жанұшыра көмек сұрауда деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Еркебұлан Дүйсебай үйдегі төрт баланың үлкені. Анасы Қаршыға Еркебұланды Түркістан облысындағы шалғай ауылдардың бірінде босанады. Толғақ кезіндегі қиындықтардың көп болуы мен білікті мамандардың, босанатын жағдайдың жоқтығынан сәби өмірге үлкен жарақаттармен келген. Соның салдарынан он жасар Еркебұлан өздігінен жүріп, тұра алмайды. Дәрігерлер ауыр деңгейдегі сал ауруы диагнозын қойған.
Бүгінде анасы Еркебұланның емі үшін барлық мекеменің есігін қағып, қайырымды жандардан көмек сұрап жүр. Ол жақында көпшілік көмегімен ұлын Қызылордадағы оңалту орталығына апарды. Қазіргі таңда Еркебұлан сол жерде түрлі процестерді бастан кешіріп жатыр. Ал дәрігерлер оның аяғын толық басуы үшін сіңірін кесу қажеттігін ескерген. Мұндай отаны Ресейдің Тула қаласынан келетін дәрігерлер ғана жасайды.
«Үлкен ұлымды сәл де болса аяққа тұрғызу үшін жанұшырып жүрмін. Кейде қалған үш баламда аналық көңілім жетпей жататынын түсінемін. Бірақ менде басқа амал жоқ. Олар да ағаларының жазылып кеткенін қалайды. Халықтың көмегімен ұлымды оңалту орталығына алып келдім, құдайға шүкір. Еркебұлан аяғының ұшымен ғана басады жерді. Ең болмаса жар жағалап жүрсе деген аналық тілегім бар. Табанын толық басу үшін оның тізесінің астындағы сіңірлерді кесу керек. Сіңірі тартылғанда ұлым жанын қоярға жер таппайды. Мұны көру қаншалықты ауыр екенін айта алмаймын. Ешкімнің басына бермесін мұндай жағдайды. Бұл отаны Тула қаласының дәрігерлері жасайды екен. Ал ота үшін бір миллионнан аса қаражат керек. Амалым жоқ, елден көмек сұрауға мәжбүрмін», - дейді жалғызбасты ана.
Осы орайда, он жасар Еркебұлан Дүйсебайға көмек көрсетем деушілерге төмендегі реквизитті ұсынамыз:
Kaspi Gold: 8 705 602 49 19, анасы Қаршыға Амантаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919418-sinirin-kesip-tastau-kerek-on-zasar-balaqaidyn-anasy-mugedek-ulynyn-emi-usin-zanusyra-komek-surady/