RU

Ауғанстанның қару асынған әскерлері Өзбекстан шекарасынан ішке өтіп кеткен

Шекара
Көрнекі фото: "Хабар 24" арнасы

Маусымның 23-і күні ауған шекара әскерлерінің қару асынған 53 қызметкері мен жергілікті жасақ жауынгерлері Өзбекстанның Шортеп уезі ауданына өткен деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Бұл жөнінде Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, тиісті тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін Ауғанстан азаматтары елдеріне қайта жіберілді. Өзбек тарапы мемлекеттік шекараны бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қабылданатынын ескертті.

Қазір өзбек тарапы Ауғанстандағы, оның ішінде шекаралас солтүстік провинциялардағы әскери-саяси жағдайдың барысын мұқият қадағалап отыр. Тіпті әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігі тексеріле бастаған.

Жоспардан тыс тексерісті Өзбекстанның қорғаныс министрі Баһадүр Құрбановтың өзі жүргізуде. Ведомство басшысы әуе қорғаныс бөлімдері мен әскери әуе күштерінің дайындығын қадағалап жатыр.

Телеарнаның мәліметінше, бұған дейін тәліптер Тәжікстан шекарасының маңында орналасқан "Шерхан-Бандар" комиссариатын басып алған. Ал шабуылға тойтарыс бере алмаған 134 ауған әскериі Тәжікстан аумағына өтіп кеткен.

Еске салсақ, мемлекет басшысы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың Ауғанстандағы татуластыру жөніндегі арнаулы өкілі Залмай Халилзадты қабылдаған еді.

Кездесу барысында Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша Қазақстан мен Америка арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытудың перспективалары, соның ішінде, АҚШ пен НАТО әскерлерінің осы елден шығарылу барысы қарастырылды. Сонымен қатар Ауғанстан мемлекетінің тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қайта қалпына келтіру жөніндегі екіжақты және көпжақты іс-қимылдарды үйлестіру мәселесі де сөз болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919490-auganstannyn-askerileri-ozbekstan-sekarasynan-iske-otip-ketken/