RU

Павлодарда жол апатынан екі адам көз жұмып, тағы үш адам ауруханаға түсті

Оқиға орнынан фото2
Оқиға орнынан фото: instagram.com/kolesa_pavlodara

Павлодарда түнде болған жол апаты салдарынан екі адам көз жұмып, тағы үшеуі ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sputnik Қазақстан хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, 27 маусым күні сағат 02.55-те Павлодар қаласындағы Астана және Исиналиев көшелерінің қиылысында Toyota Windom мен "Лада Гранта" соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан "Лада Гранта" көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы сол жерде қаза болған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның айтуынша, қаза болғандар – елордалық 36 жастағы әйел мен Павлодар облысында тұрған 31 жастағы ер адам.

Жарақат алған 23 жастағы екі азаматша мен 25 жастағы ер адам Павлодардың №1 қалалық ауруханасына жеткізілген. Барлығы – Павлодар тұрғыны. Әйелдердің бірі комада жатыр.

Полицияның дерегінше, көліктер айып тұрағына қойылған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Бұл бап кінәлі адамды бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында адам өліміне әкеп соққан жол апаты болған еді.

24 маусымда сағат 04.12 шамасында Қарабұтақ-Комсомол тас жолының 40 шақырымында, Аралтөбе ауылының маңында "Лада Приора" көлігінің 25 жастағы жүргізушісі көлікпен шұңқырға түсіп кеткен.

Алған жарақаттары салдарынан жүргізуші оқиға орнына қайтыс болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919659-pavlodarda-zantursigerlik-zol-apatynan-eki-adam-koz-zumdy-tagy-us-adam-auruxanaga-tusti/