Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мұсылмандығымыз қалай?": Ғарифолла Есім мектеп бағдарламасына араб тілін енгізуді ұсынды

Жарияланған күні:

Ғарифолла Есім
Фото: abaialemi.kz

Ғалым, академик Ғарифолла Есім Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке ерекше ұсынысын жолдады. Философ орта мектеп бағдарламасына араб тілін енгізуді жөн санайтынын жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ғарифолла Есім тиісті сала басшысына ұсынысын әлеуметтік желі арқылы айтты. Оның сөзінше, алдағы 50 жылда мұсылман халқының саны күрт өседі, сондықтан араб тілін білу ХХІІ ғасырда дүниеге келетін ұрпаққа ауадай қажет.

"Араб тіліне қатысты мәселе... Біз үш тұғырлы тіл дейміз. Әрине, ағылшын тілі керек, орыс тілі керек, қазақ тілі керек, ол - біздің ана тіліміз. Жалпы керек емес тіл жоқ дүниеде, бәрі керек, бірақ соның қайсысы біздің рухани әлемімізге өзек бола алатын тіл - соны анықтап алуымыз керек.
Мысалы қазір қоғамымызда орыстілділер, қазақтілділер деген бар. Қазақ тілін кезінде ауыл сақтап қалды. Қазақ тілі ауыл болмағанда жойылардың алдында ғана тұрған еді. Қазір құдайға шүкір қазақ тілінің өз өрісі бар. Енді осы мәселе (тіл мәселесі) алдағы 20-30-50 жылдан кейін, өмірге ХХІІ ғасырдың жастары желкілдеп келгенде қалай болады? Өзгеріс үнемі болатын нәрсе, тоқтамайды. Өзгермейтін бір Алла, қалғанының бәрі өзгерісте", - дейді ол.

Академик бір ғасырдан кейін қоғамда тілге қатысты қандай жағдай болатынын болжады.

"Сол кезде мынадай жағдай болуы әбден ықтимал. Қазақ жастары бір-бірінен: Құранды білесіз бе, араб тілін білесіз бе деп сұрауы мүмкін. Біреуі "білем, Құранды оқи аламын, арабша оқығанмын" деп, енді бірі білмейтінін, мектепте оқымағандығын айтады. Міне, осы жерде түсінбестік бола ма, болмай ма? Оның негізінде мынадай ұғым жатыр. Қазақ халқы осы исламнан немесе Құран Кәрімнен шыға ма? Егер исламдықтан кетпесе, Құран Кәрімнен кетпесе, қазақтың зиялы қауымы, жастары әрине Құранды араб тілінде оқуы дұрыс-ақ болар еді", - дейді Ғарифолла Есім.

Философ ғалымның айтуынша, Қазақстанда мұсылмандар басым болғандықтан алдағы ғасырда қоғамда тілге қатысты пікірталас туындауы мүмкін.

"Енді осы мәселеге қазір біздің дайындығымыз қандай, жауабымыз қандай? Дайындығымыз жоқ. Өйткені мектептерде арпалысып, ағылшын тілін оқытып жатырмыз, орыс тілін оқытып жатырмыз, оның қатарында араб тілі деген жоқ. Болашағымыз жөнінде біраз әңгіме айттым әлгінде. Сонда біз осы жолмен, Құранды тек қазақшасын оқып, орысша аудармасына сонымен жарайды десек, біздің мұсылмандығымыз қалай? Әрине мұсылман бола береміз.
Бірақ та қоғамда пікір болады ғой: "Сіз мұсылман болсаңыз Құранды неге араб тілінде оқи алмайсыз? Құранды Алла тағала араб тілінде түсірген. Яғни біздің мұсылмандық сауаттылық деңгейміз қандай дәрежеде болады? Мұсылмандық сауаттылық қажет пе? Алдағы 50 жылдың ішінде мұсылман қауымы күрт өседі. Қазір 1,5 млрд десек, 3 млрд-қа жақындап қалады. Оның ішінде неше түрлі ғұламалар, ғалымдар, ойшылдар шығады. Өйткені мұсылмандар халал халық, таза тамақ ішеді, күніне бес рет дәрет алады, мінәжат жасайды. Сондықтан олардың ішінен ғалымдар мен ғұламалардың шығуы ешқашан да сарқылмайды, күшейе береді.
Қазіргі айтылып жүрген сандық технология, IT технологияның бәрін меңгеріп алады. Цифрлық технология деген мұсылмандық негіздегі нәрсе. 0101 алгоритмінде "0" жарасымдылық гармонияны білдірсе, "1" деген сан - Алла тағаланы білдіреді. Сонда бұдан дүниенің тепе-теңдігін сақтап тұрған Алла тағала деген ұғым шығады. Бұл жайында Құранда айтылған", - деп ой қорытты ғалым.

Осы тұста Ғарифолла Есім білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке өтінішін жеткізді.

"Министр мырзаға өтінішім бар. Осы айтылған мәселелерді мамандармен ақылдасып, рет- ретімен болашақ мәселесін қарастырса қалай болады екен. Араб тілін орта мектепке енгізсек қалай болар екен деген ұсынысты қарастырып, жүзеге асырсақ, біз ХХІІ ғасыр жастарының алдындағы азаматтық борышымызды ақтар едік деп ойлаймын.
Футурология деген тамаша ғылым, болашақты ойлау деген керемет. Бізден кейінгі азаматардың рухани мәселесін, қазіргі кезде тәуелсіз елдің азаматтаының мәселесін біз шешпесек кім шешеді?!. Бір кездерде осы мәселені көтеріп, мектептерде араб тілдері жүрген, бір жылдан кейін алынып қалды. Оның себептерін айта алмаймын. Енді өткенді қойып, алдағы кезде мектептің бағдарламасына араб тілін енгізіп, оқи бастасақ, бұл болашаққа жасаған мәдени қадам деп ойлаймын", - дейді академик сөз соңында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919889-musylmandygymyz-qalai-garifolla-esim-mektep-bagdarlamasyna-arab-tilin-engizudi-usyndy/