Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балаларды қылқындырды": 30 жасында жеті бала тапқан келіншек күйеуінен көрген қорлығын айтты

Жарияланған күні:

Жұдырық
Көрнекі фото: pixabay.com

Тұрмыс тәлкегіне ұшырап, нашақор күйеуінен адам төзгісіз қорлық көрген жеті баланың анасы мұңын шақты. Айтуынша, келіншек күйеуінің көрсеткен зорлық-зомбылығына соңғы 7-8 жыл бойы шыдап келген. Алайда, үйінен кетуіне себеп болған жайт мүлде басқа. Келіншек ұл-қыздарын қылқындырып жатқан күйеуінің үстінен түскен деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Небәрі 30 жаста жеті баланың анасы атанған Эльмира күйеуінен көрген қорлығын көзіне бір тамшы жас алмай айтып берді.

"Мен басымнан өткен жағдайды бұрын жылап айтатын едім, қазір жылайтын жас та қалмады", - дейді ол.

Эльмира өзі үшін ғана емес, отбасындағы әлімжеттікке ұшыраған балаларының жағдайына қатты қорыққан.

"Балаларымның үлкені 12 жастағы қыз, одан кейінгілері 11, 10 жасар ұлдарым. Жолдасыммен заңды некеде жоқпыз. Өйткені ол көршілес Өзбекстан азаматы, мына жақта еш жерде тұрақты тіркеуі болмағандықтан некелеспедік. Оның көрсеткен зорлық-зомбылығын айтсам, тауыса алмаймын. Бәріне шыдап келдім. Оның бізді (өзін және балаларын) төмпештеп ұрып, тепкілеуінің басты себебі нашадан деп ойлаймын. Әйтпесе, бастапқыда төрт жылдай барлық отбасы сияқты тыныш өмір сүріп жаттық. Нашаға әуестенгелі бұзылды. Көзіне басқаша көрінеміз бе, білмеймін. Өзіме қол көтергеніне көніп, шыдап келдім. Бірақ балаларымды менің көзімше қылқындырып, дуалдан лақтырғаны шеткен шығып кетті, шыдай алмадым", - дейді кейіпкер.

Эльмира күйеуі наша шегіп алып үйге келгенде жанын шүберекке түйіп отыратынын жасырмады. Қазіргі таңда Түркістан облысындағы "Көмек" дағдарыс орталығын паналаған ана мен балалардың психологиялық жай-күйі және денсаулығы жақсы. Әйел дағдарыс орталығына келуіне не түрткі болғанын жеткізді.

"Менің осы жаққа келуімнің себебі - үлкен қызымның сөздері. Ол енді жасөспірім кезеңіне аяқ басты ғой. Маған "үйде қалғым келмейді, кетейікші" деді. Егер кетпесек, өзі қашып кететінін айтты. Қыз бала ғой, психологиясына зақым келген, осындағы мамандар бізбен әлі көп жұмыс істеу керегін айтуда",- дейді Эльмира.

Дағдарыс орталығының көмегін алушы әйел қиын-қыстау кезеңде басын көтеріп, өз-өзіне келуіне септігін тигізіп жатқан мамандарға, орталық қызметкерлеріне алғысын айтады.

"Осында келіп, жан-жағымда не болып жатқанына назар аудара бастадым. Бұл кісілерге алғысым шексіз, кіші балаларымды балабақшаға орналастырып жатыр. Енді қандай жұмыс болса да істеймін, ешнәрседен қашпаймын, балаларымның ертеңі үшін аянбаймын", - дейді ол.

Эльмира балаларының әкесіне полицияға арыз-шағым түсірмеген.

"Оның психдиспансерден жақында емделіп шыққан 63 жастағы анасы бар. Жолдасым сол кісіге қарайтын жалғыз адам болған соң, шағымданғым келген жоқ", - дейді келіншек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919948-balalardy-qylqyndyryp-dualdan-laqtyrdy-zeti-balaly-aiel-nasaqor-kuieuinen-korgen-qorlygyn-aitty/