"Туыстарына бер деген": Күйеуі түрмеге қамалып, сал болғаны үшін тастап кеткен әйелдің тағдыры елді жылатты
Жарияланған күні:
Елордалық Шолпан Тоқтархан сонау 1988 жылы туған өңірі Шығыс Қазақстаннан Алматыға оқуға түсіп, өзінен кейінгі сегіз бауырының жағдайын жасауға кетіп қалған. Алайда кейін тағдыр тәлкегімен темір торға тоғытылып, тіпті сал да болып қалған. Ол аздай 35 жасында дәрігерлер Шолпанға бедеулік диагнозын қойған. Десе де, өмірдің сан қилы қиындықтарына төтеп бере алған келіншек асырап алған үш баласын өсіріп, жеткізіп, бақытты ана, әже атанып отыр. Шолпан Тоқтархан KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, тағдырын қалай өзгерткенін айтты.
Шолпан Тоқтархан Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Қарасу ауылында туып өскен. Айтуынша, әкеден ерте қалған ол өзінен кейінгі сегіз бауырын өсіріп, жеткізуді өз жауапкершілігіне алған.
"Ауылдан 8-сыныпты бітірген соң, 1988 жылдары оқып, ақша тауып, әке-шешеме, бауырларымды жеткізуге көмектессем деп кетіп қалғанмын. Ол кез, өздеріңіз білесіздер, жоқшылық кезеңі болатын. Бірақ оқуға бірден түсе алмадым. Тұратын үй жоқ, қалада тұрақты мекенжай болмағандықтан, күнкөріс үшін талай қиындықтан өттім.
Өзім үйдің үлкені болғандықтан, алдымен бауырларымды ойладым. Әкеміз кенеттен ерте дүниеден озған соң, жауапкершілік мойныма бұрынғыдан да мініп алды. Өзімді соларды өсіріп жеткізу міндетім деген теріс түсінігім болып, өзім үшін өмір сүру дегенді білмедім",-деп бастады Шолпан әңгімесін.
Тіпшілік тауқыметін көп көрген келіншек 2012 жылы, тіпті, сотталып та кеткен. Алайда Шолпан түрмеге түскенде, соңынан өзі жеткізген бауырлары іздеп келмегенін, тіпті, керісінше, сотталды деп намыстанғанын жасырмады.
"Бойдақ кезімде көп қателіктер жасадым. Бергеннің қолынан, бермегеннің жолынан алып кететінмін. Қорқу дегенді білмеуші едім. Ауылдан бір нәрсе керек деген хабар келді ме, табатынмын. Сөйтіп жүріп өзімнің 35 жасқа қалай келгенімді білмей қалдым. Сол жасымда дәрігерлер бедеу деген диагноз қойды.
Ойланбастан аналары қайтыс болған, әкелері әкелік құқықтан айырылған бір үйдің үш баласын асырап алдым...
Мен сотталғанда аңырап артымда жылап тек үш балам ғана қалды. Балағым жыртылып, балтырымды шеңгел тіліп баққан бауырларым менің сотталғаныма намыстанып, маған түрмеге келмек түгілі, хат та жазбады. Бір інім ғана артымнан іздеп келді. Сондағы қуанғанымды көрсеңіз ғой? Сөйтіп Бір бауырымның келгені барлық бауырыма деген өкпемді сейілтті",-дейді Шолпан.
Алайда, Шолпанды қатал тағдыр тағы да сынға алған. Түрмеден келген соң күйеуінің басқа әйелге кетіп қалғанын білген ол қатты күйзеліске түсіп, тіпті аяқ-қолын сезбей, сал болып қалған.
"Түрме бар, күйеудің басқаға кеткені бар, сал болып, тілсіз жатып қалдым. Күйеуім анда-санда балаларына келетін, мен құлаған соң, ол да қалды. Үлкен ұлым жөргегімді ауыстырып, аузыма тамақ салғанын көріп, "Қайтесің? Туыстарына өткіз" деген. Бірақ балам келіспеген",-дейді Шолпан.
Бүгінде Шолпан Тоқтархан өмірдің сан-қилы қиындықтарына қарамастан, аяқтан тұрып, үш ұлын өсіріп-жеткізіп, үлкенін үйлендіріп, бақытты ана, әже атанып отыр. Сондай-ақ, ол өзі сияқты қиын жағдайда қалған жандарға психологиялық кеңес беріп, өмірлерін өзгертуге себепкер болып жүр.
"Туыстарыммен араласып тұрамын. Бұрынғыдай ауыздарына ештеңе тоспаймын. Алыстан сыйласамын. Мен Нұр-Сұлтанда, қалғандары түгел Алматыда тұрады. Бала кезден көп кітап оқыдым. Түрмеде де, зонада да уақытымды кітап оқуға жұмсадым…
Сөйтіп, психологиялық кітаптарды оқып, арнайы техникалардың көмегімен ауруымды жеңдім, ақша жолые ашып, өмірімді 360 градусқа өзгерттім. Қазір психолог- педагог дипломын қорғаудамын. Бұған дейін психолог-практик сертификатын алғанмын",- дейді ол.
Сұхбат соңында Шолпан өзі сияқты өмірдің қиындықтарын көп көрген жандарға ақыл-кеңесін айта кетті.
"Барлық проблема біздің өз басымызда. Өмірге өкпелі жандарға айтарым: біреуге, өмірге өкпелеп, өмірлеріңізді талқандамаңыздар. Бұл өмірде ешкім ешкімге қарыз, міндетті емес. Ешкімнен ештеңе күтпей, бәрін өзіңіз жасаңыздар.
Мың қайғыны бір тәуекел бұзады деген, иманға тәуекел етіп, қорықпай алға басып, ізденіп, оқып, үйреніп, тоқтамаңыздар. Біреудің иығына жылап, жанашырлық күтпеңіздер, түбінде ол қайыршылыққа әкелуі әбден мүмкін",-деп сөзін қорытындылады Шолпан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1919974-tuystyryna-ber-degen-elordada-aieli-turmege-tusip-sal-bolgany-usin-kuieui-tastap-ketken/