"Ауру болдым": 10 млн теңгесінен айырылып, күйзеліске түскен шымкенттік ару мұңын шақты
Жарияланған күні:
Әйелдерге арналған дағдарыс орталығын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарынан бөлек тағдыры қиындыққа толы жас қыз-келіншектер де паналауға мәжбүр. Алаяққа алданып, сан соғып қалған шымкенттік жеке кәсіпкер Камила Орынбаева - сондай жанның бірі. Ол маңдай термен тапқан 10 миллион теңгесін қайтармаққа құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып келеді. Барынан айырылған кәсіпкер әділдік іздеп, министр Ерлан Тұрғымбаевтан көмек сұрайды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Камила Орынбаева амалы жоқтан Шымкенттегі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған "Көмек" дағдарыс орталығын паналап келеді. Өзінің айтуынша, 2019 жылы тыныш өмірінің астаң-кестеңі шыққан. Жанында бірге кәсіп жасап жүрген адамдарға сеніп, 10 миллион теңгесінен айырылып қалған кәсіпкер өмірден түңіліп бара жатқанын айтады. Ол отбасымен ақша үшін күнде жанжалдасады екен.
"Мен тұрмыс құрмағанмын. Ата-анама, туыстарыма қаржылай көмектесіп, аяққа тұрған соң тұрмысқа шығамын деп ойладым. Ыдыс сатумен айналыстым. Ақшам болды. Содан маған жанымда жүрген Қырғызстан азаматшасы көлік әкелумен айналысайық деп ұсыныс жасады. Мен 10 миллион теңгемді қолына ұстаттым. Көлікті күйеуі тасымалдайтынын айтты.
Мен сеніп жүрсем, ұзаққа созылып кетті. Не көлік жоқ, не ақша жоқ. 2019 жылы маусым айында олардың үстінен полицияға шағым жаздым. Бірақ еш нәтиже жоқ. Олар ақшамды қайтармақ тұрмақ, өзіме қысым көрсетіп келеді. Қайда шағымдансам да, ешкім маған көмектесе алмайтындай етемін деп айтты. Бұл заң жүрмейтін қандай адамдар", - дейді күйінген Камила.
Камила Орынбаеваның айтуынша, ақшасын алған ерлі-зайыптылар өзінен басқа тағы бірнеше адамды сан соқтырып кеткен.
"Мен тергеушілерге сенуден қалдым. Іс қайта-қайта жабылып қала берген соң, бас прокуратураға шағымданып істі қайта ашқыздым. Бірақ нәтиже бола ма, болмай ма білмеймін. Nur Otan партиясы арқылы министрдің онлайн-қабылдауына жазылдым. Көмегіңіз керек. Маған қысым жасалып жатыр. Осы екі жылдың ішінде еліміздің заң жүйесінен сау адамнан ауру адамға айналдым.
Полицияға әр барған сайын дірілдеп, қалшылдап, ауа жетіспей, дем ала алмай қаламын. Мұнда жағдайды бұрын тек кинодан көретін едім, өз басыма түскеніне сенбеймін", - дейді әйел.
"Көмек" дағдарыс орталығының қызметкерлері Камила Орынбаеваның қиын жағдайдан шығуына бірінші кезекте психолог мамандар жұмыс істейтінін жеткізді. Ал содан соң Камилаға заңгердің де кеңесі қажет болатынын алға тартты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920032-auru-boldym-10-mln-tengesinen-aiyrylyp-kuizeliske-tusken-symkenttik-aru-munyn-saqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.