Гүлшара Әбдіқалықова Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Астана күніне орай ұйымдастырылған форумға қатысты
Жарияланған күні:
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күні аясында ұйымдастырылған "Қазіргі сын-қатерлер, дәстүрлер мен инновациялар: "Әлеумет. Тұлға. Құндылықтар" атты І Халықаралық форумға қатысты.
Ауқымды шарада шетелдік және отандық жетекші ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері пікір алмасты.
Бірқатар шетелдік ғалымдар жиынға онлайн байланыс арқылы қосылды. Форумның мақсаты – әлеуметтік-экономикалық факторлар мен рухани-өнегелік ерекшеліктерді ескере отырып, қазіргі қоғамның құндылықтарын талдау және аймақты одан әрі дамытуға ұсынымдар әзірлеу.
Аймақ басшысы жиында қазіргі қоғамның құндылықтары мен облыстың әлеуметтік-экономикалық факторлары талданып, тың ғылыми тұжырымдар жасалатындығына сенім білдірді.
"Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алаштың анасына балаған Сыр өңіріне қош келдіңіздер! Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, сан түрлі тарихи оқиға мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан өлке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік", - деп айқындай түсті. Әлемде белең алған пандемияның жаһандық экономикаға, сондай-ақ еліміздің экономикасына кері әсерін тигізгені белгілі. Сондықтан тез өзгерістерге бейімделетін қазіргі жаһандану заманында коронавирус пандемиясы жаһандық қоғам үшін бұрын-соңды болмаған сын-тегеурінге айналды.
Бүкіл әлемнің даму үрдісі ретінде жаһан жылдамдығы одан әрі күшейтіп, аса күрделі құралдар мен жабдықтар дамып келеді, әлеуметтік-саяси жүйе өзгеруде. Осы құндылықтар өзгерістері мен жаңалықтардың барлығы еңбек нарығына әсер етіп, оған жағдай жасайды.
Демек мұндай өзгерістерден кейін жұмысқа қойылатын және тұлға факторына қатысты талаптар да өзгереді. Сыр өңірінде отбасы институтындағы дәстүрлі мәдени құндылықтарға негізделген қарым-қатынастар қазіргі қоғам аясындағы жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен үйлесе отырып, дұрыс бағытта дамып келе жатыр", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920283-gulsara-abdiqalyqova-tauelsizdiktin-30-zyldygy-men-astana-kunine-orai-uiymdastyrylgan-forumga-qatysty/