RU

Коронавирус: Шымкент қайтадан "қызыл" аймаққа кірді

адамдар
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Елімізде коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайды бақылау матрицасы жаңартылды. Оған сәйкес, Шымкент "сары" аймақтан "қызыл" аймаққа өтті деп хабарлайды "COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК" Telegram-дағы ресми каналында.

Сонымен қатар, өткен тәулікте Павлодар облысы "жасыл" аймақтан "сары" аймаққа өткен.

Қазіргі уақытта графикке сәйкес өңірлер аймақтарға келесідей бөлінді:

  • "Қызыл" аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары.
  • "Сары" аймақта: Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау, Павлодар облыстары.
  • "Жасыл" аймақта: Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан өңірлері.

Жалпы Қазақстан СOVID-19-дың таралу жылдамдығы бойынша "қызыл" аймақта тұр.

Айта кетейік, өткен тәулікте елімізде тағы 2436 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды. Олардың дені Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан. Елордада бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны 807-ге жетіп отыр.

Одан бөлек, аса жұқпалы "үнді" штамы Алматы облысы Талғар ауданында анықталды. Бұл ақпаратты Талғар облыстық ауруханасының бас дәрігері Хасен Дасибеков растады.

"Ауданда "дельта" штамының алғашқы жағдайы тіркелді. Ол бұған дейін анықталған штамдарға қарағанда 60%-ға жұқпалы. Орташа алғанда бір адам бес-алты адамға ауру жұқтырады. Инкубациялық кезеңінің қысқалығымен ерекшеленеді. Мұны жұқтырған адамның буындары қатты ауырып, жүрегі айниды. Сақ болыңыз, өзіңізге және жақындарыңызға жанашыр болыңыздар", – дейді дәрігер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920338-symkent-koronavirus-boiynsa-qyzyl-aimaqqa-kirdi/