Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Данэлия Төлешованың әкесі түнгі клубтағы төбелесте жарақат алды

Жарияланған күні:

Түнгі клуб
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде 27 жастағы жас жігіт пен екі ер адам арасындағы жанжал төбелеске ұласқан. Төбелес салдарынан олардың бірі ауыр жарақат алып, комадан бір-ақ шықты. Бір қызығы, тергеу мен сот айыпталушыға қандай бап бойынша жаза тағайындарын шеше алмай отыр, деп жазады "Время" басылымы.

Істің қаралып жатқанына үш айдан асқан. "Время" газетінің жазуынша, 27 жастағы Абылай Әбдірасыл клубқа бойжеткенді ертіп келген.

Дәл сол уақытта клубта "НСК" сақтандыру компаниясы төрағасының орынбасары Ержан Балабеков пен қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешованың әкесі Александр Төлешов те болған.

Басылымның мәліметінше, Төлешов пен Балабеков билеу алаңындағы қыздарға, оның ішінде Әбдірасылдың қызына да қырындай бастаған. Қыздар олардың бұл қылығын жақтырмай, араларында жанжал туындаған.

Жанжал кезінде, ер адамдар қыздардың бірінің шашы мен қолынан ұстап алған, деп жазады басылым.

Осы кезде Әбдірасыл Балабековке жақындап, бір нәрсе айта бастаған. Артынша, екеуінің арасында төбелес басталып кеткен.

Басылымның мәліметіне сүйенсек, Балабеков қатты соққыдан еденге басымен құлаған. Оған көмекке ұмтылған Төлешов те бетінен соққы алған. Әбдірасыл осы кезде мекемеден тез арада шығып кетіпті. Ал зардап шеккен тарапқа жедел жәрдем шақырған.

Дәрігерлер Балабековке ауыр бас сүйек-ми жарақаты диагнозын қойып, ота жасап, өмірін ажалдан арашалап қалған.

Оған екіжақты бас-сүйек трепанациясы жасалған. Одан бөлек, дәрігерлер оған "көптеген контузиялық ошақтары бар ауыр дәрежедегі ми жарақаты", "субдуральды қатпарлы миға қан құйылу", "бас миы ісінуі", "желке сүйегінің сынығы" сынды диагноздар қойып, өзге де жарақаттар алғанын анықтаған.

Сот-медициналық сараптаманың қорытысына сәйкес, Балабековтің денсаулығына ауыр зақым келгені, ал жақ сүйегі сынған Төлешовтің денсаулығына орта дәрежедегі зақым алғаны белгілі болған.

Осы деректерге сүйенген тергеу сотқа қылмыстық істі екі баппен – ҚР Қылмыстық кодекстің 106-шы және 107-ші баптарының бірінші бөлігі бойынша жолдаған.

Бірінші бап бойынша күдікті 3-тен 8 жылға дейін, ал екінші бап бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Алайда зардап шегуші тарап күдіктінің іс-әрекетін 106-баптың екінші бөлігіне – бұзақылық ниетпен және айрықша қатігездікпен денсаулыққа қасақана зиян келтіру бойынша саралау туралы өтініш берген. Бұл жағдайда айыпталушы 6-10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Басылымның жазуынша, Медеу аудандық соты зардап шеккен тараптың уәжімен келісіп, олқылықтарды жою үшін істі прокуратураға кері қайтарған. Алайда прокуратура Медеу аудандық сотының алдын ала қаулысының күшін жойып, істі бірінші инстанциядағы сотқа қайта жолдаған.

Іс тағы бір судьяның қарауына түсіп, ол зардап шегуші тараптың уәждерін тағы да оңды деп шешкен. Прокуратура жоғарыдағы инстанцияға қайта жүгінгенімен, қалалық сот бұл жолы аудандық судьяның қаулысын өз күшінде қалдырды. Сөйтіп, істі прокуратураға кері қайтарып отыр. Ал 27 жастағы Абылай болса бүгінде тергеу изоляторында.

Мақала авторы: Михаил Козачков

Материалды көшіріп басып, тарату "Время" басылымының рұқсатмен жүзеге асырылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1920375-daneliya-tolesovanyn-akesi-tungi-klubtagy-tobeleste-zaraqat-aldy/