"Маңғыстау Медиа" ЖШС-нің жаңа ғимараты ашылды
Жарияланған күні:
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесіне орай «Маңғыстау Медиа» ЖШС-нің жаңа сәулетті ғимараты салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты жиынға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова, МО Ішкі саясат басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов, облыстың ардагер журналистері Мейрамбай Қибасов, Айтуар Өтегенов, Петр Долматов, Людмила Петрищенко, Әзірбайжан Қонарбаев сынды белгілі журналистер қатысты. Ғимараттың лентасын қию рәсімін «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дутбаева облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова мен өлкенің ардагер журналисі Мейрамбай Қибасовқа табыстады.
Жиынды ашқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова облыс әкімі Серікбай Трұмовтың құттықтауын жеткізіп, «Маңғыстау Медиа» журналистерін жаңа ғимараттарымен құттықтады. Сонымен қатар, Гүлмира Қалмұратова «Маңғыстау облысының бұқаралық ақпарат құралдары саласының дамуына қосқан үлесі үшін» бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
«Маңғыстау» газетінің редакторы қызметін атқарған ардагер журналист Мейрамбай Қибасов БАҚ өкілдерін мерейлі мерекесімен құттықтап, өлке басылымдарының тарихына тоқталды.
«Осындай кең зәулім сарайда жас журналистердің шығармашылық ізденіс пен зор жігермен қызмет етуіне тілектеспін. Медиа басшысы Айсұлу Қабышқызына ризашылығымды білдіремін», деді М. Қибасов.
Өз кезегінде сөз алған «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дутбаева журналистерді мерекемен құттықтап, жиылған көпшілікке алғысын білдірді. «Осы ғимараттың ашылуына ұйытқы болған облыс әкімі Серікбай Трұмовқа, екі жылға жуық уақыт «Маңғыстау Медиа» ЖШС директорының кеңесшісі қызметін атқарған Серік Еңсегеновке алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, өңірдегі бірқатар азаматтарға алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің арқаларыңызда осындай кең, зәулім ғимаратқа қолжеткізіп отырмыз.
Ендігі мақсатым - журналистерді баспанамен қамтамасыз ету. Осы жолда медианың бұрынғы ғимаратының бірін журналистерге баспана ретінде ұсыну жолында жұмыстанып жатырмын. Өйткені әлеуметтік жағынан қамту бұл қызметкерлердің емін-еркін, алаңдамай өз қызметін атқаруына бірден-бір әсер етуші фактор деп ойламын. Барлығыңызды бүгінгі мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», деді Медиа басшысы.
Мерекелік шара Caspian Riviera қонақ үйіндегі облыс әкімінің журналистерге арналған мерекелік жиынымен жалғасты. «Маңғыстау Медиа» басшысы Айсұлу Дутбаева облыс әкімі Серікбай Трұмовқа арнайы дайындалған Медианың болмысын баяндайтын «Медиа бұрышы» арқылы журналистика саласының сан қырлы қызығы мен қиындығымен бөлісті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920481-mangystau-media-zss-nin-zana-gimaraty-asyldy/