Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сарапшылар: Күзде елімізде қарақұмық қымбаттауы мүмкін

Жарияланған күні:

Қарақұмық
Көрнекі фото: pixabay.com

Елімізде күзде қарақұмық қымбаттап, келісі 800 теңгеге жетуі мүмкін. Себебі, кәсіпкерлер биыл құрғақшылық салдарынан өнім аз шығады деп қауіптеніп отыр деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның дерегінше, егін оратын техникаға қажет дизель құнының өсуі де кері әсерін тигізбей қоймайды. Былтыр осы кезеңде қарақұмықты өсірушілер келісін 150 теңгеден өткізсе, қазір 265 теңгеден сатады. Өңделіп, кептіріліп дүкен сөрелеріне жеткенде, бағасы 400 теңгенің төңірегіне барады.

Қарақұмық негізінен еліміздің солтүстік облыстарында өсіріледі. Қазір дүкен сөрелерінде бұл дақыл жеткілікті. Дүрбелең байқалмайды. Дегенмен ауыл шаруашылығы бойынша сарапшылар бұл дауыл алдындағы тыныштық деп отыр. Себебі, күзде қарақұмық бағасы екі есеге дейін көтерілуі кетуі мүмкін екен.

"Қарақұмық бағасы 700-800 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қымбатшылық қыркүйектің аяғына қарай, яғни биылғы өнім сатыла бастағанда көтерілуі мүмкін. Бағаның өсуіне әсер ететін жағдайлар көп. Оның үстіне қазір бәрі қымбаттап жатыр. Ал, халықтың табысы сол қалпында", - дейді ауыл шаруашылығы бойынша сарапшы Кирилл Павлов.

Дәл қазір елімізде өнімнің келісі шамамен 400 теңгеден сатылып жатыр. Себебі, әзірге сөрелерге былтыр жиналған дақыл тұр. Ал биыл қарақұмық алқабында қолданылатын дизель отынының бағасы едәуір көтерілді. Әрі ауа райы да жығылғанға жұдырық болып отыр. Яғни, құрғақшылық салдарынан өнімнің аз шығу қаупі бар.

"Өнім аз шықса, әлбетте баға өседі. Мұндай жағдай соңғы үш жылда қайталанып келеді. Бұған қоса біздегі өнімнің біраз бөлігі сыртқа экспортталып кетеді. Әсіресе Украина мен Өзбекстан қарақұмықты көп мөлшерде сатып алады. Содан да өзімізде тапшылық пайда болып, арты қымбатшылыққа әкеледі", - дейді қарақұмық өңдейтін кәсіпорын құрылтайшысы Дмитрий Тюменев.

Жылдан жылға елімізде қарақұмық егетін алқаптардың аумақтары да тарылып барады екен. Үш жылға дейін сақтауға болатын дақылдың қамбадағы қоры азайған. Ірі дүкендерден вагондап тапсырыс түсіп жатқанымен, сұранысты қанағаттандыратын мүмкіндік жоқ дейді.

Сондықтан шикізатты Ресейден сатып алуға мәжбүр. Қарақұмық өңдеумен айналысатындар тапшылықтың алдын алу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі мен президентке де жағдайды тізіп, хат жолдапты.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920529-sarapsylar-kuzde-elimizde-qaraqumyq-qymbattauy-mumkin/