Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мінезі өте қиын еді": Елбасы Өзбекстанның бұрынғы басшысы Ислам Кәрімов жайлы айтты

Опубликовано:

Ислам Кәрімов пен Нұрсұлтан Назарбаев
Фото: Ақорда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Штрихи к портрету" атты деректі фильмде ел шекарасын бекіту кезеңдерін есіне алды. Айтуынша, шекараны белгілеу барысында көптеген қиындық туындаған. Әсіресе, Өзбекстанмен және Қытаймен арадағы шекара сызығын айқындау бірнеше жылға созылыпты. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның сол кездегі президенті марқұм Ислам Кәрімовтің мінезіне тоқталып, оның қандай болғанын сипаттап берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Ресеймен арадағы шекара әлемдегі ең үлкен шекаралық сызық шығар. Айта кету керек, Ресеймен және Қытаймен шекараны бекіту келісімі төрт рет қаралды. Қаншама бума қағаздарды қайта қарауға тура келген кездер болды. Өте күрделі, көлемді жұмыс болды. Ақырында аяқтап, Путинмен арада келісімге қол қойылды. "Сіз болмасаңыз, қашан қол қояр едік" дейді ол. Тіптен қол қойғысы келмегендер бар", - деп есіне алды Елбасы.

Тұңғыш президенттің сөзінше, Өзбекстанмен шекараны белгілеу жұмыстары да біршама қиындықпен жүзеге асқан.

"Өзбекстанмен шекаралас аумақ өте күрделі болды. Кей жерлерде шекара сызығы бір үйді екіге бөлген жағдайлар да кездесті. Жатын бөлме Өзбекстанда, ас үй Қазақстан аумағында қалды. Көп қазақ Өзбекстан жақта қалып қойды. Тіпті бүтін бір ауыл өзбектер аумағына кіріп кеткен оқиғалар да болды", - дейді ол.

Бұл қиындықтың барлығы екіжақты келісімдер арқылы шешімін тапқан. Мәселен, қазақтар тұратын бүтін бір ауыл өз елімізде қалуы үшін қазақстандық тарап көрші мемлекетке басқа аумақтан жер бөліп берген.

"Келіссөздер оңай болған жоқ. Қазір айту ыңғайсыз шығар, ол кісі марқұм болып кетті. Менің ескі досым. Ислам Кәрімовтің мінезі өте қиын еді. Оның өзіндік көзқарасы болатын, онымен келісімге келу де оңай емес еді. Барлық нәрсеге жауабы дайын тұратын", - деп есіне алды Назарбаев.

Дегенмен, Елбасы онымен өте жылы, достық қарым-қатынаста болған.

"Жаны жұмсақ, бірақ мінезді адам болатын. Кейде хабарласып, "мен келіп, сенімен әңгімелескім келіп отыр, келемін" дейтін. Сөйтіп ол келген соң маңызды мәселелерді қозғап, әңгіме-дүкен құратын едік. Өте қызықты кездер еді", - деді тұңғыш президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920624-minezi-ote-qiyn-edi-elbasy-ozbekstannyn-buryngy-bassysy-islam-karimov-zaily-aitty/

pixel