Атырау облысында 18 адам "үнді" штамын жұқтырып алған
Жарияланған күні:
Атырау облысында "дельта" штамын жұқтырған 18 адам анықталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Мәдениет Танауовтың ақпаратына сүйенсек, тексеруге 43 сынама жіберілген.
"Оның ішінде 18 сынамадан "дельта" штамы анықталды. Өңірде қауіпті вирус өршіп тұрғанына қарамастан, әртүрлі іс-шараны өткізуді, оған қатысу тоқтамай тұр. Жақында мониторинг тобы осындай 74 іс-шараны анықтады. Бұл былтырғы осы кезеңде індеттің өршігенін ұмытқанымызды байқатады. Сондықтан, қауіпсіздік ережелерін сақтап, вакцина алуға шақырамын", - дейді Мәдениет Таниуов.
Одан бөлек, Атырауда инфекциялық стационардың жансақтау бөлімінде 24 науқас жатыр деп жазады басылым.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиевтың мәліметінше, Атырауда соңғы үш күнде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 35,9%-ға өскен.
Мәселен, 28 маусымда індетті 66 адам жұқтырған. Ал, 1 шілдеде 103 жағдай анықталған.
"Қазір өңірде 2 098 төсектік 10 инфекциялық стационар дайындалды. Оның ішінде Атырау қаласында 460 төсек-орны бар 3 стационар, Теңіз кен орнында 1 360 төсек-орындық стационар, 7 ауданда 278 төсек-орынға арналған стационар жұмыс істейді. Ал, реанимациялық төсек-орын саны – 81. Бұған қоса, 750 төсек-орындық қосымша резервтік инфекциялық стационар дайын тұр", - дейді Қайсар Абдалиев.
Оның айтуынша, облыстағы инфекциялық стационарларда 437 пациент ем алып жатыр. Стационарлардағы төсек-орын жүктемесі 20,8% -ды құрап отыр.
"Модульдік аурухана науқастарға 90%-ға толды. Жансақтау бөлімінде 24 пациент жатыр. Оның 20-сының жағдайы ауыр. Жағдайы өте ауыр 4 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған", - дейді Қайсар Абдалиев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920747-atyrau-oblysynda-18-adam-undi-stamyn-zuqtyryp-algan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.