RU

Күніне 3500 қоңырау: Елордада жедел жәрдем шақыртатындар саны артқан

Жедел жәрдем1
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем станциясына жүгінетіндер саны артқан. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, күніне 3-3,5 мың қоңыру түссе, оның 300-ге жуығы коронавирусқа байланысты деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

"Елордада жедел жәрдем қызметіне жүктеме тағы да артты. Қаладағы күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел медициналық жәрдем станциясына күніне 3-3,5 мыңға дейін өтініш келіп түседі", - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Бота Сәдетханның айтуынша, КВИ, ЖРВИ және пневмония бойынша хабарласатындар саны артқан.

"Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда қазір жедел жәрдемге хабарласатындар саны 40%-ға дейін өсті. Соңғы аптаның өзінде коронавирусқа байланысты қоңыраулар саны 1,5 есеге, яғни тәулігіне 179-дан 300-ге дейін артты", - дейді ол.

Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта елордада коронавирус жұқтырғандар санының өскені байқалып отыр. Өткен тәулікте 219 адам жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.

Коронавирус жұқтырғандарға арналған 14 стационар жұмыс істеуде. Қала бойынша барлығы 1 600-ден астам пациент стационарда емделуде. Оның ішінде 1 400-ден астамы коронавирустан қалғаны пневмониядан ем қабылдауда екен. Төсек жүктемесі 75 пайызды құрап отыр.

Одан бөлек, реанимация бөлімінде 104 пациент бар оның ішінде 48 адамның жағдайы ауыр, 56 науқастың жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр.

Осы орайда әкімдік қауіпті дерттен тек вакцина ғана қорғайтынын еске салды.

"Вакцинация ғана өз денсаулығыңызды, жақындарыңыз бен айналаңыздағы жұртты қорғайды. Науқастар санын азайтып, коронавирусты жеңу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қажет", - дейді ведомство.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920791-kunine-3500-qonyrau-elordada-zedel-zardemge-qonyrau-salatyndar-sany-artqan/