Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Есім дұп-дұрыс": 45 градус ыстықта 210 шақырымды велосипедпен еңсерген маңғыстаулық әйел туралы не білеміз

Опубликовано:

Құралай
Фото: Құралай Ізбасаровтың жеке мұрағаты

Құралай Ізбасар - салауатты өмір салтын насихаттап, артық салмақтан арылуды үйрететін маман. Ол маусымның 25-26 күндері Құлсарыдан Бейнеуге апаратын 210 шақырым тас жолды велосипедпен жүріп өтті. Құралайдың бұл әрекетін жақын таныстары да түсіне алмауда. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында велошабандоз әйел неліктен осы қадамға барғанын айтып берді.

Ақтау қаласының тұрғыны Құралай Сатымбайқызының жасы 43-те. Ол адамдарға дұрыс тамақтану, артық салмақтан арылу, денсаулықты қалпына келтіру бойынша кеңес беретін маман. Өзі де кезінде 35 кг салмақ тастап, осы салаға бет бұрған. Велосипедпен алыс қашықтыққа шығып, оны сәтті еңгерген әйел өзінің неліктен бұл қадамға барғанын түсіндірді.

"Мысалы, альпинистердің бір шыңды бағындырсам, жүзгіштердің суда осынша шақырым жүзіп өтсем дейтін мақсаты болады. Ал мен салауатты өмір салтын насихаттағаннан кейін велосипедпен алыс жолды бағындырсам деген ой болды. Бұл ойымды таныстарыма бір екі рет айтып көрген едім, айналамның бәрі қарсы болды. "Неге ерігіп жүрсің?", "Есің дұрыс па?" деген сияқты неше түрлі негатив сөздер айтылды. Мен бұл сапарға біреуге бірнәрсені дәлелдеу үшін шыққан жоқпын. Өзім салауатты өмір салтын ұстанғаннан кейін және барлық кедергі миымызда екеніне өзім сену үшін ғана осы қадамға бардым. Шынымды айтсам, мұның ақпарат құралдарына шыққанын да қаламаймын. Есім 100 пайыз дұрыс. Аллаға шүкір. Үш тамаша баланың анасымын. Мен бір нәрсені істейтін болсам, ешкімнен сұрамаймын, мен оны өзіме өзім сенімді болсам ғана істеймін", -дейді Құралай Ізбасар.

Құлсарыға бір шаруаларымен келген ол Бейнеуге қайту үшін велосипедпен ешкімге айтпай жол тартқан.

"Күн енді жанып тұрды. Сол 40-45 градус ыстықтың кезінде ғой. Таңертең оннан кейін шықтым, ертерек шығып кетуім керек еді, уақытымды дұрыс жоспарламаппын. Алдымен Майкөмген деген жерге жетіп алып, сол арада салқын су алып, кондиционердің астында отырып, біраз демалып алдым. Ары қарай Боранқұл деген жерге кешкі сағат 10-да жеттім. Арасында демалып- демалып барғанмын. Бұл екі орта 100 шақырымды құрайды. Сол түні таныстарымның үйінде қонып, әңгімелесіп, жоспар құрып, таңғы сағат 6-да Боранқұлдан шығып кеттім. Түскі 11-лер шамасында Қаркөл деген жерге жеттім. Сол жердегі бір шайханада тамақтанып, суымды ішіп, салқындап алдым. Сол жерде күннің аптабы басылғанша отырдым, өйткені жаңағы ыстықта тандыр пештің ішіне кіріп кеткендей боласың. Түс ауа сағат 4 жарымда шыққаннан, кешкі сағат 10-да Бейнеуге кірдім. Қаркөлден шыққаннан кейін артымнан бір жел итеріп отырды. Сол көмектесті", - дейді велошабандоз.

Алыс жолды аптап ыстықта бағындырған әйел сапардан кейін денсаулығына айтарлықтай нұқсан келмегенін алға тартады.

"Келгеннен кейінгі күні алдыңғы екі сан бұлшықеттері ұйыған сияқты ауырсынды. Бірақ ол ауырсыну жанға жағымды, ішкі жан-дүниемді қытықтағандай сезімде болды. Сосын жауырыным ауырсынды. Ыстықтан велосипедтің рөлі ысып, алақаным кішкене күйді. Жолда біраз жаяу жүріп, қырға шыққан кезімде ыстық асфальттан кроссовкидің табаны қызып, табаным да біраз күйіпті. Бірақ анау айтқандай қорқынышты күйік емес. Қазір оның бәрі басылды. Келе салып ертеңінде жұмысқа шығып кеттім", - дейді әйел.

Оның айтуынша, жолды қиындықсыз еңсерген себебі дұрыс тамақтанудың әсерінен.

"Жолда еш жерім ауырған жоқ, себебі дұрыс тамақтануым, су нормасын орындауым, мысалға мен түстен кейін қанша ыстықтап, шөлдеп тұрсам да су ішкен жоқпын. Өйткені суды сол уақытта ішетін болсам, тоқтаусыз ішіліп кететін еді. Ағза ысып тұрғандықтан, тек ауыз шайдым. Түстен кейінгі суымды азайтып іштім. Орнымен, сауатты істегеннен соң шаршамай денсаулығыма зиян келтірмей аман-есен жеттім. Мен әдетте таңертең теңгерімді таңғы ас ішемін, бес уақыт аз-аздан тамақтанамын. Осы жолға шығардың алдында өтімді тазалаттым. Өзімді өте жеңіл сезінгеннен кейін ғана ұзақ жолға дайын болдым", - дейді ол.

Құралай Сатымбайқызы ерекше сапарынан түйгенімен бөлісті.

"Жалпы түсінгенім - кедергінің бәрі мида. Мен жолда ешқандай жаман нәрсе ойлаған жоқпын. Біреуге жолға шығатынымды айтпаған себебім де сол. Егер біреуге айтсам барлығы аяқ-қолымен қарсы болатынын білдім. Шегірткеден қорыққан егін екпес деген бар ғой. Сол сияқты алдыңнан қасқыр шықса қайтесің, адам шықса қайтесің, ит шықса қайтесің деген неше түрлі жаман ойларды тықпалайтын адамдар болады. Бірақ мен мақсат қойдым ба, соған жетуім керек, ол менің ішкі жан-дүнием қалап тұрған нәрсе. Мені жолда алға жетелеген - сенім мен таза ой" - дейді Құралай Ізбасар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920946-esim-dup-durys-45-gradus-ystyqta-210-saqyrymdy-velosipedpen-ensergen-mangystaulyq-aiel-turaly-ne-bilemiz/

pixel