RU

"Баланың басы шығып кетті": Елордалық келіншек перзентханадағы сұмдық жағдайды баяндады

Гүлвира Исаева
Гүлвира Исаева: жеке мұрағат

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүлвира Исаева қаладағы №1 перинаталдық орталықта болған сұмдық жағдайды баяндады. Көпбалалы ана алтыншы баласын елорда төрінде ешкімнің көмегінсіз, өзі босанған. Дәрігерлердің салғырттығы салдарынан жаңа туған нәрестені дәлізде кетіп бара жатқан санитар көтеріп алып, ананың көкірегіне қояды. Яғни, босанып жатқан анаға ешкім қол ұшын бермей, айы күні жеткен анаға акушер көмекке келмеген. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Гүлвира Исаева мұндай сұмдықты еліміздегі ешбір перзентханада көрмегенін айтып, перзентханадағы масқара жағдайды ешбір ананың басына тілемейтінін жеткізді.

«Мен көпбалалы анамын. Жолдасымның жұмыс жағдайына байланысты ел аймақтарында көшіп жүрдік те, бес баламды бес түрлі перзентханада дүниеге әкелдім. Бес баламды босанғанда дәрігерлер тарапынан ешқандай кемшілік болған жоқ. Қалай болуы тиіс, солай болды. Ал алтыншы сәбиімді астана төрінде босануды жазған екен. Шыны керек, перзентхананың ЭКСПО маңында екенін естіп, тіпті, қуанып қалдым. Өйткені, бұл еліміздің астанасы, әрі ЭКСПО сөзінің өзі бір қуатты болып естілді. Алайда, мені өмірімдегі ең қиын әрі сұмдық сағаттар күтіп тұр екен. Баламды тек қана Алланың көмегімен аман алып қалдым. 26 маусым күні таңертең толғақ басталды. Көпшілік дәрігерлер менің бірнеше рет босанғанымды естіп, осы жолы сақ болуымды ескертті. Өйткені, бірден қан кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан,толғақ кезінде мейілінше сақ болу керек. Алайда, мен мұндағы акушерлерден босану кезіндегі көмекті де көре алмадым. Олар менің маңыма да жолаған жоқ. Ақыры, баланы өзім тудым, дәлізде кетіп бара жатқан санитар кір қолындағы қан толы пакетті лақтыра салып, баланы көкірегіме жатқызды», - дейді Гулвира.

Көпбалалы ананың айтуынша, таңертең толғағы ұстап, перзентхана табалдырығын аттаған бойда-ақ мұнда бәрі жайсыз екені байқалған.

«Толғақтан жаным көзіме көрінген сәт. Мен мұндағы дәрігерлерге бұл алтыншы балам екенін, қан кетіп қалуы мүмкін екенін айтып, жанұшырып жатырмын. Ал олар мені тексерген де жоқ. Жатыр мойынының қанша сантиметр ашылғанын да қараған жоқ. «Бос орын жоқ, дәлізде жатасың. Болмаса, үйіңе барып толғатып кел» деді. Амал жоқ, таксимен үйге кетіп қалдым. Кейін толғағым күшейіп, перзентханаға қайта келдім. Мені тез тексерудің орнына ұзыннан ұзақ қағаз жазғызды. Толғақ арасы екі минутқа жетсе де, босану залына жібермей, сағат он мен он екі арасында арпалыстырып қойды. Акушердің есімі - Нұрбақыт. Көпбалалы болғандықтан, қан кетуі мүмкін екенін тағы айтқанымда, «Білгіш болсаң өзің босанып ал» деп қысқа қайырды. Өзім жаным қыл үстінде тұрғандықтан, оған қарсыласатын шамам болған жоқ. Тек "Сағат 12:30-да келемін" деп ескертумен болды», - дейді ол.

Гүлвира осы аралықта толғақ қысып, шыдамай бара жатқанын байқайды. Осылайша, дұғаларын ғана оқып, күшенуге мәжбүр болған.

«Жатыр мойынын тексеріп, қаншалықты ашылғанын көрген бір адам болмады. Мен баланың туылатынын, уақыты келгенін сезіп тұрдым. Айғайлайтын да шамам жоқ, бір күшенгенімде баланың басы шықты. 30 секундтай уақыт өткен соң екінші рет күшендім, бала сол кезде толық шықты. Сол жерден құдай айдап санитар өтіп бара жатыр екен. Әлі көз алдымда, бір қолында қоқыс салатын қара пакет, екінші қолында қанға малынған заттар салынған сары пакет болды. Ол жүгіріп келді де, баланың менің көкірегіме қойды. «Держи своего ребенка» деп айтты да, дәрігерлерді шақыруға жүгіріп кетті. Ешқандай да дәрігер емес, санитар баланы жерден көтеріп алды», - дейді Гүлвира.

Қуанышқа қарай, бала аман-сау туылған. Бірақ жас босанған анаға немқұрайды қарау одан әрі жалғасады.

«Дәрігерлер дәл тоғыз минут өткен соң келіп, баланың кіндігін кесті, үсті-басын сүрте бастады. Мен өзім де дәрігер келгенше үстімдегі киіммен баланы шамам жеткен сүрте бастадым. Себебі, шақалақ шарана суын жұтып қойғасын қиналып, жылай алмай жатты. Сол күнгі кезекші дәрігер-акушерлер мені 12:30-ға дейін тексермейтінін жоғарыда айттым ғой. Ал мен 11:45-те босанып алдым өзім. Дәрігерлер маған 11:54-те келді. Тағы он минут өткен соң бізге жауапты акушер келіп, бізді мысқылдай құттықтап, өзінің Kaspi Gold номерін айтты. Яғни, біз оған рахмет айтып, ақша салуымыз керек екен. Мен ешқандай да ақша жібермедім», - дейді ол.

Гүлвира баласымен палатаға ауысар кезде де жаңа босанған адамға мүлде жағдай жасалмағанын айтты.

«Бірнеше сағаттан соң палатаға ауысатын болдық. Заң бойынша баланы мейірбикелер ұстап, аналарды арбамен немесе каталкамен палатаға апару керек. Біздің бөлмедегі үш әйелге бір каталка алып келді. Оны бізден де ауырлау босанған анаға бердік. Мен жел ұрып тұрған дәлізді жүріп өтіп, палатаға келдім. Ал босану бөлмесінен кетерде өзіміздің жатқан жерімізді жинатып қойды. Сол кезде көрген қан көз алдымнан әлі кетер емес. Мен өмірімде бұрын соңды мұндай қан көрмегенмін. Жаңа босанған адамға уақытылы көмек көрсету былай тұрсын, орнын жинатып қою деген шектен шыққандық. Бұл менің еркелігім емес. Бұл менің басымнан өткен жайттар. Мен еліміздің азаматшасы ретінде өзіме көрсетілуі тиіс медициналық көмекті ала алмай, тіпті, баланы да акушер-дәрігерсіз босандым. Сол күнгі оқиғалардан кейін әлі өзіме келе алар емеспін. Мені бір Алла сақтады, ал балаға бірнәрсе болғанда, дұрыс босана алмасам не не істеуші едім? Менің бес бала туған тәжірибем бар, ал алғаш рет босануға келген аналарды осылай қарамаса ше? Бұл нағыз сұмдық, бұл бассыздық. Еліміздің бас қаласындағы жағдай осындай болса, басқа жер туралы ештеңе айта алмаймын», - дейді Гүлвира Исаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921004-balanyn-basy-sygyp-ketti-elordalyq-kelinsek-perzentxanadagy-sumdyq-zagdaidy-bayandady/