RU

Жамбылдық 200 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілуде

Қайырымдылық
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Жамбыл облысында 200 отбасыға 120 тонна азық-түлік үлестірілуде. Игі шара «Елбасы жылуы» ауқымды қайырымдылық акциясының екінші кезеңі аясында ұйымдастырылуда. Шара барысында әр отбасыға 130 келіге дейін тауар, нақтырақ айтқанда ұн, картоп, жеміс, күріш, қарақұмық, шәй, қант, күнбағыс майы секілді азық-түлік және гигиеналық заттар бар.

Қазірге дейін азық-түлік себетін 100-ге жуық аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен ерекше күтімді қажет ететін балалары бар жанұяларға үлестіріліп үлгерді. Солардың бірі көпбалалы ана Альфия Жарылқапова.

 - Бұл өзім сияқты көпбалалы аналарға айтарлықтай көмек болары сөзсіз. «Елбасы жылуы» қайырымдылық шарасының ұйымдастырушыларына, әсіресе істің басы-қасында жүрген еріктілерге алғысымыз шексіз,-дейді ол.

Қайырымдылық
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Сондай-ақ, тағы бір көпбалалы ана Гүлбияз Девришоглы көмектің ауықымдылығын тілге тиек етіп, ризашылығын жеткізді.

- 4 баланың анасымын. Мүмкіндігі шектеулі, ерекше күтімді қажет ететін балам бар. Тауарларды еріктілер әр үйге жеткізіп беріп жатыр екен. Мен өзім алып кетуге келдім. Азық-түліктен бастап, сабынға дейін бар. Рақмет, қуанып қалдық,-деді ағынан жарылған Гүлбияз.

Қайырымдылық
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Ал, сауапты іске айрықша атсалысып, ұйымдастырушылардың бірі болып жүрген ерікті Арман Елемесовтің айтуынша, коронавирус пандемиясы қоғамда қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруға дайын жандардың көп екенін тағы бір рет дәлелдей түскендей. «Елбасы жылуы» да – коронавирус пандемиясынан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге бағытталған.

Қайырымдылық
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

- Іс-шара алғаш рет осы жылдың сәуір айында ұйымдастырылған еді. Азық-түлік өнімдері және аса қажетті басқа да тауарлар негізіндегі көмекке Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарындағы 681 отбасы ие болған еді. Бұл жолы қайырымдылық шарасы Талдықорған, Орал қалаларында, сондай-ақ, Алматы, Ақмола және Жамбыл облыстарында тұратын 1 000 отбасыны қамтуда, - дейді ол. 

Қайырымдылық
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Айта кету керек, игі істе еріктілердің еңбегі ерен. 50-ден астам ерікті күннің ыстығына қарамастан, тауарларды көлікке тиеп, көмек алушыларға тікелей өздері жеткізуде. 

- Бұл – біз үшін зор мәртебе. Қайырымдылық жасау әр азаматтың парызы. Жастар осындай жандарға қарап бой түзейді, - дейді ерікті Аяулым Расылхан. 

Ауқымды шара бірнеше күнге жалғасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921053-zambyldyq-200-otbasyga-qaiyrymdylyq-komek-korsetilude/