RU

"Қызымыздан айырылып қалдық": Атырауда еміне ақша жиналмаған 9 айлық бүлдіршін көз жұмды

Көзайым Ринатқызы
Көзайым Ринатқызы: Instagram

Атырау облысы Махамбет ауданының ең кішкентай тұрғындарының бірі - Көзайым Ринатқызы 9 айлық мерзімінде көз жұмды. Көзайым әлемдегі ең ауыр генетикалық дерттердің бірі - арқа бұлшықет артофиясына ұшыраған болатын. Ата-анасы он жыл күткен сәби кенеттен қызуы көтеріліп, өмір үшін күресін жалғастыра алмады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Көзайымның ата-анасы сәбидің дерті туралы сәуір айында білген. Олар алты айлық бүлдіршіннің көпшілік балақайлар секілді қозғала алмайтынына, ойыншықтарды ұстауға қызықпайтынына, еңбектенуге талпынбайтынына қарап, дабыл қаға бастайды.

Дереу аудандық және облыстық дәрігерлерге қаралып, жеке емханалар есігін де қағады. Ең соңында Ұлттық ана мен бала денсаулығы орталығы Көзайым Ринатқызының генетикалық ауруға ұшырағанын мәлімдейді.

Осыны естіген сәттен бастап бүлдіршіннің ата-анасы дабыл қағып, халықтан көмек сұрай бастайды. Өйткені, құны 1 миллиард теңге тұратын препаратты алу ешкімге де оңай еместігі анық. Көзайымға халық қолдан келгенінше көмектесті, волонтерлар түрлі турнирлер мен акциялар да ұйымдастырды. Бірақ бұл қаражат арнайы екпені алу үшін мүлдем жеткіліксіз еді.

"Өкінішке қарай, қызымыздан айырылып қалдық. 30 маусым күні түнгі сағат 12 шамасында қызуы қатты көтеріліп, жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер қанша күрескенімен, таңғы сағат сегіздерде о дүниелік болды. Бүгіннен бастап қызымыз үшін ақша жинау тоқтағанын хабарлаймыз. Біздің қиындығымызға бей-жай қарамаған баршаңызға рахмет", - дейді Көзайымның әкесі Ринат.

Қазіргі таңда құны 1 миллиард тұратын екпені Қазақстаннан бір ғана сәби салдырды. Еміне бүкіл халық болып ақша жинаған екі жасар Эмир Шахмаров осыдан бір ай бұрын ем алып, қазіргі таңда жақсы жағына қарай өзгеруде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921159-qyzymyzdan-aiyrylyp-qaldyq-atyrauda-emine-aqsa-zinalmagan-buldirsin-koz-zumdy/