Атырау облысында 100 шақты адам тұратын ауыл тұрғындары жанайқайын айтты (фото)
Жарияланған күні:
Атырау облысы Махамбет ауданы Өткел (бұрынғы "Лесхоз") ауылының тұрғындары "елеусіз қалған ел болдық" деп мұң шағады. Өйткені, елдімекен санатында жоқ болғандықтан мұнда өмір сүру қиынға соғып тұр деп жазады "Ақ Жайық" басылымы.
Өткел ауылы шағын тоғайдың ішінде орналасқан. Жиырма шақты үйде 100 ден астам адам тұрады. Оларды аудан орталығынан Жайық өзені бөліп тұр. Кезінде паром арқылы қатынас жасалып тұрған екен. Көпір салынғаннан кейін ол өткелдің көзі жойылыпты.
Көпір пайдаланылғаннан кейін қатынас бұдан да әрі жақсарады деп уәде берген биліктегілер бұл ауылдың барын ұмытып кеткендей, дейді жергілікті тұрғындар.
"Көпір салынды, ол біздің ауылдан алшақтау жатыр, жетудің өзі мұң. Оған апаратын 14 шақырым жол да шұрық тесік", - дейді өткелдіктер.
Ал қыс кезінде күртік қардан көлік түгілі жаяу адам жүре алмай, қатынас мүлдем қиындап кетеді.
"Қыста мұзбен өтеміз, ал жазда екі-үш қайықтың арқасында орталықпен байланыс жасап отырмыз. Қар еріген уақытта, жел күндері өте қауіпті, қайтеміз, аудан орталығында жұмыс істейтіндер, болмаса, басқалай қажеттігімізге барып келудің осындай қиындығы бар. Сол себепті, ең алдымен жолымызды жасап берсе деп едік", - дейді елді мекен тұрғындары.
Жергілікті тұрғын Гүлмира Атчибаеваның айтуынша, қатынастың қиындығынан 28 қаңтар күні немересінен айрылып қалған.
"Бір айлық немерем қатты ауырып, аудан орталығына жеткізу керек болды. Күртік қар. Жедел жәрдем келіп болмағасын жеңіл көлігімізбен аудан орталығына дейін жету үшін қарды аршып әупірімдеп жеткізгенімізбен, бала жолда қайтыс болып кетті..." – дейді ол көзіне жас алып.
Қыста ауыл айналасын қалың қар басқанда, ауыл адамдары бірігіп аршып, жол салып алып жүрміз. Жаяу жүру қауіпті, аш қасқырдың апанына түсіп қалуың ғажап емес. Бұл айналада көкжал көп.
Көктемде қар ерігенде өткелдіктер аудан орталығына қайықпен қатынайды. Судың да қатері көп, көктемде соқталдай екі жігіт суға кетіп, қайтыс болды.
"Облыс әкімі Бергей Рысқалиев болып тұрған кезде ауылға көгілдір отын тартып берген, одан кейін басқалай көмекті көрмеппіз", - дейді өткелдіктер.
Ауыз суды "водовозбен" тасып ішеді, шалғайдағы ауылға жеткізудің бір рейсі 4 мың теңге. Елді мекенде дүкен де жоқ. Сол себептен азық-түлік, басқалай қажеттіліктерін аудан орталығынан қайық арқылы тасиды.
Өткел ауылы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясына қарасты ерекше қорғалатын аумақта тұрғандықтан елді мекен статусына ие бола алмай отыр.
"Өткел орман шаруашылығы жерінде орналасқандықтан елді мекен атауы берілмеген. Алдымен жерін заңдастырып алып, сосын елді мекен деп танылады. Орманшылардан жерді алу үшін облыстық әкімдікке хат жазылды, депутаттар осыны да мәселе етіп көтеруде. Өткел аудан құрамына берілгеннен кейін ондағы проблемалар біртіндеп шешілетін болады, - дейді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Зұлқарнай Мұқаш.
Ал, жергілікті шенеуніктердің мұндай уәдесіне ауыл тұрғындарының құлағы әбден үйренген.
"Жарық, газ төлемдерін, салықты төлегенде керекпіз, ал басқа уақытта қажетіміз жоқ. Бұл елді мекен баяғыдан бола тұра, аудан аумағына кірмей қалған", - дейді өткелдіктер мұңын шағып.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921223-atyrau-oblysynda-100-saqty-adam-turatyn-auyl-turgyndary-zanaiqaiyn-aitty-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.