Нұр-Сұлтанда дипломы бар биотехнологтың қылмысы әшкере болды
Жарияланған күні:
Елордалық полицейлер қаладағы элиталық тұрғын үй кешенінің пәтерінде орналасқан есірткі зертханасын жойды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментнің мәліметінше, 27 жастағы биотехнолог зертханада "Мефедрон" және "Амфетамин" синтетикалық есірткілерін дайындаған.
Есірткі зертханасы элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінде жалдамалы пәтерде орналасқан. Күдікті өзі дайындаған есірткіні интернет-дүкен арқылы сатып келген.
Сатып алушылармен бетпе-бет кездеспес үшін есірткіні халық көп жүретін орындарда, орталық саябақтарда, тіпті, балалар алаңдарына да қалдырып кетіп отырған.
Елордадағы қалалық саябақтардың бірінде жедел тергеу шараларын өткізу барысында ол полицейлерге есірткі жасырған құпия орындарын көрсеткен.
Операция нәтижесінде синтетикалық есірткінің бір реттік 60 дозасы заңсыз айналымнан алынған.
"27 жастағы биотехнологтың үйін тінту кезінде синтетикалық есірткі дайындау формуласы жазылған дәптер, электронды таразы, психоактивті заттар өндіруге арналған химиялық компоненттер, колбалар, қаптауға арналған полиэтиленді қалташалар, дербес компьютер (сол арқылы есірткіні сатқан), сонымен қатар, салмағы 10 грамнан асатын дайын "синтетика" табылып, тәркіленді", - дейді полиция.
Қазір ұсталған азамат қамауда отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-тармағы "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу" бойынша айып тағылған.
Бұл бап бойынша айыпталушы мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921422-nur-sultanda-diplomy-bar-biotexnologtyn-qylmysy-askere-boldy-video/