RU

Астана тұрғыны КВИ-дан көз жұмған әкесінің мәйіті ауысып кеткенін жаназа алдында білген

мәйіт ауысқан
Фото: KAZ.NUR.KZ

Коронавирустан көз жұмған 73 жастағы қарияның балалары дәл жаназаның алдында әкесінің мәйіті ауысып кеткенін анықтады. Марқұмның ұлы Нұр-Сұлтандағы мәйітханадан үйге барар жолда әкесінің бет-жүзін көру үшін табытты тыйым салынғанына қарамастан ашқан деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Әбу Дүнгенбайұлы Алтай қаласы Шеміршек ауылынан Нұр-Сұлтан маңындағы Қояндыға көшіп келген қандасымыз. Осыдан біраз уақыт бұрын ақсақал КВИ-мен ауырып, аураханаға түсті. 15-20 күндей жатты. Кеше балаларына "әкелеріңіз қайтыс болды" деп хабар берді. Балалары бүгін жерлейтін болып, кеше қабірін қазып, таңертең сағат 11-ге жаназасын белгілеп қойған.

Бүгін таңертең мәйітханаға сүйекті алуға бардық. Бізге мәйітхана қызметкерлері марқұмның бет-жүзін көрсетпей, өздері жуындырып, орап, табытқа салып берді. Сыртта күтіп тұрдық. Бетін ашпаңдар деді. Сосын газельге салғаннан кейін досым қоймай отырып, табытты ашты. Ашса мүлде басқа адам. Содан соң мәйітханаға қайта бардық, жатқан ауруханасынан сұрастырдық. Мәйітті таппай шыр айналдық", - дейді қарияның балаларының досы Талабек Тынысбекұлы.

Отбасының жақын танысының айтуынша, мәйіттің бүркеулі жатқан бетін ашпаса да, балалары оны әкелерінің сүйегіне ұқсамайтынын байқаған.

"Өзі ірілеу кісі болатын. Сүйекті сыртынан қарап, күмәндандық", - дейді ол.

Талабек Тынысбекұлының айтуынша, Әбу Дүнгенбайұлының денесін мәйітхана қызметкерлері шатастырып басқа біреулерге беріп жіберген.

"Сөйтсе, мәйітті Тараз қаласының тұрғындарына шатастырып беріп жіберген. Оларға да мәйітті орап, табытқа салып шығарып берген. Мәйітті бүгін таңғы сағат 9.30-да Нұр-Сұлтан әуежайынан Таразға алып кеткені белгілі болды. Ол кісілердің телефонына хабарласып отырып, Әбу Дүнгенбайұлының мәйітін қайтадан кері ұшақпен алдыртып отырмыз. Міне қазір кешке жаназасы. Бағана 11-де жиналған ағайын-туыс тарап кетті. Қайта жиналып жатыр", - дейді Талабек Тынысбекұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921474-astana-turgyny-kvi-dan-koz-zumgan-akesinin-maiiti-auysyp-ketkenin-zanaza-aldynda-bilgen/