RU

"24 жағдай тіркелді": Қызылорда облысында түйелердің табаны шіріп түсіп жатыр

Түйе
Көрнекі фото: pixabay.com

Қызылорда облысының Арал ауданындағы Аққұм, Қарақұм және Жақсықылыш ауылдарында түйелер ауруға шалдығып жатыр деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Басылымның мәліметінше, жануарлардың тұяқтары іріңдеп, шіріп, түсіп қалып жатыр.

"Бүгінгі күнге дейін осындай 24 жағдай тіркелді. Ветеринар мамандар ауру жұқтырған малды тексеріп, емдеп жатыр. Бұл не ауру екенін анықтадық. Бұл – некробактериоз және онымен кез келген мал ауыруы мүмкін", - дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дармағанбетов.

Некробактериоз - ауыр және созылмалы инфекциялық ауру. Бұл ауруға шалдыққан малдың терісі, шырышты қабығы және ішкі органдары жара болып, іріңдеп, қабынады.

Некробактериозды барлық жануар тіпті, адам (зооантропоноз) да жұқтыруы мүмкін. Бұл дертті уақытында емдемесе, ол өлімге алып келуі мүмкін.

"Бұл ауру жем-шөптің жетіспеуі, қуаңшылық салдарынан арық, көтерем болып қалған және иммунитеті төмен жануарларда көптеп таралады. Түйелерде көбіне табаны ауырып, терінің сүйелді қабаты бұзылады", - дейді Дармағанбетов.

Оның сөзінше, мамандар Арал ауданындағы барлық ауру малды қазір емдеп жатыр және жануарлардың дәрі-дәрмегіне қажетті ақшаны мал иесі беріп отыр.

"Түйелерге "Бициллин-3", "АСД фракция-3", "Ашокси", "Нитокс-200" сынды препарат салынып жатыр. Емдеу курсының бағасы тоғыз-он мың теңге шамасында", - дейді Әнуарбек Дармағанбетов.

Сондай-ақ, аталған ауру белгісі бар түйелерден де қажетті сынамалар алынған. Ол сынамалар толық көлемде зерттеу жүргізу үшін Қызылорда облысындағы республикалық ветеринария зертханасының филиалына жолданады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921674-24-zagdai-tirkeldi-qyzylorda-oblysynda-tuielerdin-tabany-sirip-tusip-zatyr/