RU

Ауғанстан мен Түркіменстан шекарасынан атыс даусы естіліп жатыр

Әскер
Көрнекі фото: pixabay.com

Ауғанстан мен Түрікменстан шекарасында атыс естіліп, елдің оңтүстігіндегі кей ауданнан түрікмен әскерилері отбасыларын эвакуациялап жатыр деп хабарлайды "Хабар 24".

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, атыс Түрікменстанның Серхетабад мекені мен Ауғанстанның Тургунди ауылы жағынан естілген. Куәгерлер 8 шілдеде Серхетабадқа қарай жауынгерлерге толы 8 көлік өткенін көрген.

Айта кетейік, бұған дейін Ауғанстанның Түрікменстанмен шекаралас Багдис провинциясында тәліптер мен үкімет күштері арасында кескілескен ұрыс жүріп жатқаны хабарланған еді.

Ал бірер күн бұрын Түркіменстан Ауғанстанмен шекарадағы "Акина" бақылау өткізу бекетін жапқан болатын. Себебі тәліптер бекетке жақын бірқатар елді мекенді басып алған.

Еске сала кетсек, бұған дейін маусымның 23-і күні ауған шекара әскерлерінің қару асынған 53 қызметкері мен жергілікті жасақ жауынгерлері Өзбекстанның Шортеп уезі ауданына өткенін хабарланған еді.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, тиісті тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін Ауғанстан азаматтары елдеріне қайта жіберілген. Өзбек тарапы мемлекеттік шекараны бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қабылданатынын ескертті.

Қазір өзбек тарапы Ауғанстандағы, оның ішінде шекаралас солтүстік провинциялардағы әскери-саяси жағдайдың барысын мұқият қадағалап отыр. Тіпті әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігі тексеріле бастаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921736-auganstan-men-turkimenstan-sekarasynan-atys-dausy-estilip-zatyr/