RU

Алматыда жалған ПТР-тест пен вакцинация төлқұжатын жасаған үш медмекеменің қызметкері ұсталды

Жалған
Фото: polisia.kz

Алматыда ПТР-тест нәтижесі мен вакцинация төлқұжатын қолдан жасаған үш медициналық мекеменің қызметкерлері ұсталды деп хабарлайды Polisia.kz.

Қалалық криминалдық полиция басқармасының хабарлауынша, медициналық орталықтағы зертхана қызметкері екі мейірбикенің көмегімен ақша үшін биоматериал алмай-ақ, ПТР-тесттің теріс нәтижесін жасап берген.

Кейінірек бұрын алаяқтық үшін жауапқа тартылған екінші бір медициналық орталықтың дәрігер-эндоскописі ұсталған. Жеке тінту кезінде ПТР- тест нәтижелері, ақша тәркіленген.

Сондай-ақ, қалалық емханалардың бірінде аға мейірбикенің вакцинация паспортын сатқаны және вакциналарды заңсыз жойып жібергені анықталған.

Ол 15 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алу үшін вакцина алғандарды белгілеу журналына жалған тіркеу жүргізіп отырғанын мойындаған.

Бұл фактілер Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Тергеу амалдары жалғасуда.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Алматыда қажыларға жалған вакцинация паспортын дайындаған туристік компанияны анықтағанын жазған едік.

ІІМ дерегінше, қазір бұл факті бойынша, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, сот сараптамасы тағайындалған. Тінту шаралары барысында кеңсе техникасы, мөр, бланк алынған.

Айта кеткен жөн, елімізде жалған құжат дайындағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921953-almatyda-zalgan-ptr-test-pen-vakcinaciya-pasportyn-zasagan-us-medmekemenin-qyzmetkerleri-ustaldy/